Алматы облысы Талғар ауданының мектептері мен колледждерінде «Заң мен тәртіп» пилоттық жобасы аясында білім алушылар арасындағы тәуекел факторларының азайғаны тіркелді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Аралық мониторинг қорытындысы оң динамика көрсетті. Жобаның тиімділігін ескере отырып, оны бүкіл республика бойынша кеңінен енгізу жоспарлануда.
Мәселен, 7-8 сынып оқушылары арасындағы буллинг, кибербуллинг және өзге де зорлық-зомбылық түрлері 18%-ға төмендеді.
Сонымен қатар психологиялық жағдайы тұрақты жасөспірімдердің саны артты. 7-8 сыныптарда тәуекел деңгейі төмен оқушылар үлесі 31,9%-ға өсті, осындай оң үрдіс 9-10 сынып оқушылары мен колледж студенттері арасында да байқалады.
Мамандардың ерекше назарын қажет ететін жасөспірімдер саны қысқарды. 7-8 сынып оқушылары арасында аталған топтағы балалары саны 30%-дан астамға азайды. Жалпы алғанда, білім алушылар өз мінез-құлқына жауапкершілікпен қарап, әрекеттерінің құқықтық салдарын тереңірек түсіне бастады.
Аталған бастама Талғар ауданындағы 10 мектеп пен 3 колледждің 9 мыңға жуық білім алушысын қамтиды. Мұнда құқық қорғау органдарында қызмет тәжірибесі бар тәлімгерлер екі аптада бір рет профилактикалық сабақтар өткізіп тұрады.
Қол жеткізілген нәтижелер жобаның тиімділігін дәлелдеді. «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында «Заң мен тәртіп» жобасын республика бойынша кеңінен енгізу көзделген. Бұл құқық бұзушылықтың алдын алу, зорлық-зомбылыққа жол бермеу және балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастырудың бірыңғай тәсілдерін жүйелеуге мүмкіндік бермек.