Түркістан облысы Шардара ауданындағы №866 дауыс беру учаскесінде референдум бірқалыпты, тыныш өтіп жатыр. Бұл туралы бақылаушы Бақтыгүл Бектасова мәлім етті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оның айтуынша, учаскеге келген тұрғындар өз азаматтық таңдауын жасап қана қоймай, ұлттық дәстүрді дәріптеу арқылы көпке үлгі болған.
«Түркістан облысы Шардара ауданының №866 дауыс беру учаскесінде бақылаушы ретінде қатысып отырмын. Барлығы Заң аясында, сабырлы қалыпта өтіп жатыр.
Дауыс беру учаскесіне ауданымыздың қадірлі ақсақалы келіп, жиналған жұртқа ақ батасын берді. Елімізге тыныштық, халқымызға береке, жастарға жарқын болашақ тілеп, ізгі тілегін жеткізді.
Сондай-ақ учаскеге өз таңдауын жасауға нәзік жандылар ұлттық нақыштағы киім киіп келіп, баршаға үлгі болды. Бұл – халқымыздың салт-дәстүрін құрметтеу мен ел болашағына бей-жай қарамайтын азаматтықтың белгісі.
Одан бөлек өзге ұлт өкілдері өз таңдауын жасады.
Жалпы, аудан тұрғындары өз азаматтық міндеттерін орындап, референдумға белсенді қатысып жатыр. Бұл – еліміздің дамуы мен демократиялық процестерді жетілдіруге қосқан үлесіміз», – деді ол.