Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бастамашылық етілген отбасыларды қолдауға арналған ауқымды мемлекеттік «Аңсаған сәби» бағдарламасын іске асыру қорытындылары шығарылды, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.
2021–2025 жылдар аралығында бұл бағдарлама қосалқы репродуктивтік технологиялардың қолжетімділігін арттырудың негізгі тетігіне айналып, мыңдаған қазақстандық жұпқа ата-ана болу бақытына қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Қабылданған шешімдердің нәтижесінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жыл сайын бөлінетін квоталардың саны 7 есеге ұлғайтылып, жылына 7 мың квотаға дейін жеткізілді.
Соңғы бес жылдың ішінде жүйелі мемлекеттік қолдаудың арқасында бағдарлама жоғары клиникалық тиімділігін көрсетті.
Осы кезеңде 28 мыңнан астам әйел экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) рәсімінен өтті. Нәтижесінде 12 мыңнан астам әйел жүктілік бойынша есепке алынып, шамамен 11 мың көптен күткен сәби дүниеге келді.
Тұрақты жоғары нәтижелерді қамтамасыз ету мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі бес жыл бойы ЭКҰ қызметтерін көрсететін медициналық ұйымдардың қызметіне тұрақты мониторинг жүргізіп келеді.
Бұл қатаң бақылау МӘМС қаражатының ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз етіп, әрбір пациент үшін табысты нәтижеге қол жеткізуге бағытталған көрсетілетін медициналық көмектің жоғары сапасын сақтауға мүмкіндік береді.