Қызылордада жаңа Конституция жобасын қолдауға арналған Open air-ге 20 мыңға жуық адам жиналды

/
Қызылордада жаңа Конституция жобасын қолдауға арналған Open air-ге 20 мыңға жуық адам жиналды

Бүгін Қызылорда қаласындағы «Kaysar Arena» алаңында өңір жұртшылығы елдің жарқын болашағына үн қосуға жиналды. 20 мыңға жуық қала тұрғыны мен қонақтарын біріктірген Open air қоғамдық пікір мен азаматтық жауапкершіліктің символына айналды. Ауқымды іс-шара барысында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының өкілдері жаңа Конституция жобасының басым бағыттарын түсіндіріп, 15 наурызда өтетін республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, жаңа Конституцияның мазмұны шын мәнінде халықтық сипатқа ие. Оның айтуынша, бұл маңызды құжат жұртымызға, әсіресе өскелең ұрпақ пен жастардың игілігіне қызмет етеді. Президент азаматтарымыз Ата Заң жобасын қолдаған жағдайда Қазақстанда жаңа, анағұрлым тиімді, яғни, еліміздің ұзақмерзімді тұрақты дамуына жол ашатын саяси жүйе қалыптасатынын мәлімдеді.

Іс-шара ашық әрі еркін форматта өтті. СахнадаМадина Сәдуақасова, Қайрат Нұртас, МирасЖүгінісов сынды қазақстандық белгілі орындаушылар өнер көрсетті. Концерттік бағдарлама барысында коалиция мүшелері сөз алып, құжаттағы негізгі өзгерістер туралы өз ойларын ортаға салды. Мәжіліс депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Мақсат Толықбай, Нартай Сәрсенғалиев және «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова конституциялық реформалардың мән-маңызын түсіндіріп, азаматтарды алдағы референдум туралы хабардар етті.

Іс-шараны ашқан Қызылорда облысының әкімі, Конституциялық комиссия мүшесі Нұрлыбек Нәлібаев өз сөзінде сындарлы сәтте ел болып бірігудің маңызын атап өтіп, қатысушыларды 15 наурызда өтетін референдумда мемлекеттің жарқын болашағы үшін дауыс беруге шақырды.

«Жаңа Ата Заңда Тәуелсіздігімізді, аумақтық тұтастығымызды сақтауға, азаматтарымыздың құқығын, бостандығын қорғауға, еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған ережелер бекітілді. Бұл – әлемдегі ахуал ушығып тұрған уақытта мемлекеттігімізді нығайтатын маңызды қадам. Сондай-ақ жаңа редакцияда Ұлы Даланың мыңжылдық тарихи сабақтастығы айқындалды»– деді өңір басшысы.

Өз кезегінде Мұрат Әбенов жаңа құжаттаалғаш рет білім, ғылым, инновация мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындалғанын атап өтті.

«Президент барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумындаатап өткендей, көптеген елдерге қарағанда Қазақстанда барлық деңгейде ақысыз білім алуға мүмкіндік бар. Ата Заң жобасында білім сапасын арттыру, балалар мен жастарға арналған мүмкіндіктерді кеңейту, ғылымды, мәдениетті, спортты қолдау, озық инновацияға, цифрландыруға ден қою, жасанды интеллектіні енгізу сияқты басымдықтар қамтылған. Конституциялық өзгерістердің ерекшелігі – әр азаматқа өзін танытуға, инновациялық көзқарасын дамытуға және шығармашылықпен айналысуға мемлекет тарапынан мүмкіндік жасалып, қолдау көрсетілуінде», – деді Мәжіліс депутат.

Ал Мұрат Ергешбаев Конституция жобасының халықтық сипатына тоқталып, ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге, билік тармақтарының тиімділігін арттыруға және қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталғанын атап өтті.

«Соңғы жылдары қоғамда мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, шешім қабылдау ісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігін кеңейту мәселелері кеңінен талқыланып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Ата Заң жобасының өзектілігі айрықша. Конституциялық өзгерістер мемлекетті басқарудың заманауи талаптарына сай келетін жаңа тетіктерді қалыптастыруды көздейді. Құжатты әзірлеу барысында қоғам өкілдерінің ұсыныстары мен пікірлері ескерілді. Бүгін қабылданатын шешімдер ел дамуыныңертеңгі бағытын айқындайды. Сондықтан жастар қазірден бастап ел ісіне бейжай қарамай, оны өз қолына алуға ұмтылуы қажет», – деді ол.

Коалиция мүшесі Мақсат ТолықбайКонституция әрбір азаматтың тағдырына, болашағына тікелей әсер ететін іргелі құжат екенін айтты.

«Адамның құқығы мен бостандығы – басты құндылық. Жаңа редакция Преамбуласында бұл қағида алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде айқындалды. Демек, бұдан былай адам құқығына барынша назар аударылып, оның ар-ожданы мен бостандығына кепілдік беріліп, жан-жақты қорғалады. Құжаттағы негізгі идеялардың бірі адамның шығармашылық еркіндігі, инновация мен ғылымға көңіл бөлінуі. Бұл қазіргі әлемнің даму тенденциясына толық сәйкес келеді», – деді ол.

Өз сөзінде Нартай Сәрсенғалиев енді дарынды жастардың идеялары мен бастамалары конституциялық деңгейде қорғалатынын атап өтті.

«Бұрын дарынды жастар шекара асып, мүмкіндіктерді шет елден іздейтін еді. Бүгін осы олқылықтардың орнын толтыратын кез келді. Жаңа Конституция өскелең ұрпақтың дамуына нақты жағдай жасайды. Жас буын өз идеяларын елімізде жүзеге асырып, ғылым мен инновацияға араласып, шығармашылықтарын толық көрсете алады. Бұл – тек жастар үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар мұндай қадам еліміздің зияткерлік әлеуетін нығайтып, экономика мен ғылым саласының өркендеуіне жол ашады», – деді Нартай Сәрсенғалиев.

Сонымен қатар депутат жастарды өз азаматтық ұстанымын ашық білдіріп, қоғамдағы маңызды мәселелерді шешу ісіне белсене араласуға шақырды. Оның пікірінше, жастар қауымы қоғамдағы өзгерістердің бел ортасында жүруге тиіс.

«Ұсынылып отырған өзгерістердің түпкі мәні – Тәуелсіздігімізді нығайту, қорғау және келер ұрпаққа қуатты мемлекетті аманат ету. Алдағы референдум – бұл жай ғана дауыс беру емес, әрқайсымыздың ел тағдырына қосатын үлесіміз. Болашақ өз қолымызда», – деді «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова. 

Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар жаңа Конституция жобасының қоғам бірлігін нығайту мен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы маңызына ерекше назар аударып, оған қолдау білдірді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары