Абай облысында сотталған әйел балаларын үш жылдан кейін алғаш рет бейнеқоңырау арқылы көрді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталған әйелге балаларымен бейнеқоңырау арқылы сөйлесуге мүмкіндік берілді. Ол өз қыздарын үш жылға жуық уақыт көрмеген.
Астана қаласының 35 жастағы тұрғыны алаяқтық жасағаны үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылған. Бұған дейін ол Абай облысындағы әйелдер колониясында жазасын өтеген. Сол жерде қоғамдық өмірге белсенді қатысып, түрлі іс-шараларға араласқан. Үлгілі тәртібі үшін сотталған әйел жазасының қалған бөлігін өтеу мақсатында ең төменгі қауіпсіздік мекемесіне ауыстырылған.
Мекеме қызметкерлерімен әңгіме барысында ол өзінің сегіз және бес жастағы екі қызы бар екенін айтып, балаларынан ұзақ уақыт жырақта болу ана үшін ең ауыр сынақ болғанын жеткізді.
— Мұнда келгенде мен үшін ең ауыр нәрсе — балаларымның жанында бола алмау еді. Осы уақыт бойы олармен тек таксофон арқылы сөйлестім. Балаларым мені мекеме қабырғасында көрмесе екен деп ойладым, солай олар үшін жеңілірек болады деп санадым. Қазір олар мені ұзақ іссапарда жүр деп ойлайды. Осы уақыт ішінде балаларым қатты есейіп кетті. Үлкен қызым мектепке барды — бұл әр ана үшін ерекше әрі маңызды сәт. Өкінішке қарай, мен сол күнде жанында бола алмадым. Балаларымның қалай өсіп жатқанын тек туыстарым әкеліп берген фотосуреттер арқылы ғана көрдім. Сол суреттерге қайта-қайта қарап, олардың күлгенін, менімен сөйлескенін, құшақтағанын елестететінмін, — дейді сотталған.
Мекеме қызметкерлері әйелге қолдау көрсету мақсатында оның балаларымен бейнеқоңырау арқылы сөйлесуін ұйымдастырды. Экраннан қыздарының жүзін көрген сәтте ол көз жасын тыя алмады.
— Экраннан оларды көрген кезде жүрегім тоқтап қалғандай болды. Қыздарым қатты өсіп кетіпті... Мен олардың көздеріне, күлкісіне қарап, шынымен көріп тұрғаныма сенбей тұрдым. Әңгімеміз ұзақ болған жоқ, бірақ мен үшін бұл соңғы жылдардағы ең қымбат минуттар болды. Балаларыма деген махаббат маған күш береді. Бостандыққа шыққаннан кейін оларға қайта оралып, бәрін жаңадан бастауға тырысамын. Енді оларды ешқашан жерге қаратпауға уәде беремін. Бұл кездесу маған үлкен үміт пен күш сыйлады, — дейді ол.
Мекеме бастығының орынбасары Рүстем Берлібековтің айтуынша, сотталғандардың отбасымен байланысын сақтау олардың түзелуіне маңызды әсер етеді.
— Отбасының қолдауы әр адам үшін маңызды, әсіресе бас бостандығынан айырылған жандар үшін. Осындай бейнебайланыстар сотталғандардың жақындарымен қарым-қатынасын үзбеуіне мүмкіндік береді. Бұл олардың моральдық тұрғыдан қолдау табуына, сондай-ақ түзеліп, бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға қайта бейімделуіне үлкен мотивация береді, — деді ол.
Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, мұндай кездесулер сотталғандардың отбасы мүшелерімен байланысын сақтауға көмектесіп, олардың жаңа өмір бастауға деген сенімін нығайтады.