Маңғыстау облысында Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылатын Наурызнама онкүндігі аясында өңір бойынша 325 мәдени-көпшілік іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Әсем Әшірова айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Спикердің айтуынша, наурызнама онкүндігі өңірде дәстүр бойынша 13–14 наурыз күндері Отпан тауда өтетін «Амал – татулық пен бірлік мерекесі» атты кең ауқымды мәдени шарамен басталады.
-Бағдарлама аясында «Ана жүрегі – мейірім мекені» аналар фестивалі, қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар (бәйге, қазақ күресі, гір көтеру, қол күресі), «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей қорығы көрмесінің ашылуы, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Маңғыстау өнерпаздарының концерттік бағдарламасы, театрландырылған қойылымдар, «Жағылсын жырмен ұран-от» жыр-терме кеші, бірлік отын жағу рәсімі, көрісу дәстүріне арналған «Сәлем – сөздің атасы», «Амалдың ақ дәмі» шаралары, облыстың цифрлық технологиялар саласындағы жетістіктерінің көрмесі өтеді, - деді Әсем Әшірова.
Брифинг барысында спикер 15-22 наурыз аралығында өтетін мәдени іс-шараларға тоқталды.
-15 наурыз – Қайырымдылық күні. Бұл күні жалпыұлттық қайырымдылық акциялары өткізіліп, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға «Наурыз-базарлық» атты мерекелік сыйлықтар таратылады. 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Облыстық кітапхананың креатив алаңында «Шабыт Bazaar» көрме-жәрмеңкесі өтеді. Онда ұлттық бұйымдар, қолөнер туындылары мен шығармашылық жұмыстар ұсынылады. Сонымен қатар 16–20 наурыз аралығында облыстық тарихи-өлкетану музейінде ұлттық ойындар апталығы ұйымдастырылады. «Даму бала» мемлекеттік шығармашылық тапсырысы аясында өнер орталықтарының оқушылары сауда орындарында мерекелік концерттер ұсынады. 17 наурыз – Шаңырақ күні. «Отан – қуат, отбасы – шуақ» атты көпбалалы отбасылармен кездесу және марапаттау шаралары өтеді. 18 наурыз – Ұлттық киім күні. «Ұлттық киім – ұлт келбеті» және «Ата дәстүр мен заманауи сән» атты сән көрсетілімдері ұйымдастырылады. Сонымен қатар облыстық кітапханада белгілі дизайнер, «Меруерт Балманова» сән үйінің негізін қалаушымен кездесу өтеді. 19 наурыз – Жаңару күні. Бұл күні VR технологиялар, робототехника және цифрлық жобалар таныстырылып, Mangystau Hub резиденттерінің қатысуымен шаралар ұйымдастырылады, - деді Әсем Әшірова.
Сондай-ақ, 21–22 наурыз күндері өңірдің барлық қала және аудандарындағы орталық алаңдарда кең көлемді мерекелік бағдарламалар өтеді.
Ақтау қаласының теңіз жағалауында этноауыл құрылып, театрландырылған қойылымдар, концерттік бағдарламалар, қолөнер жәрмеңкелері, «Ұлттық киім шеруі» ұйымдастырылады. Сонымен қатар этноауылда цифрлы киіз үй орнатылып, онда жасанды интеллектпен жасалған бейнероликтер, IT Hub жобалары, 3D принтерлер, робот-гуманоид және робот-ит көрсетіледі. Тұрғындар үшін жасанды интеллект тақырыбында интерактивті сайыстар өткізіледі. Наурызнама онкүндігі аясындағы барлық іс-шаралар туралы толық ақпаратты «Digital Nauryz» цифрлық платформасынан білуге болады.