Алматы мен Астанаға есірткі жеткізу арнасын ұйымдастырған күдікті ұсталды

/
Алматы мен Астанаға есірткі жеткізу арнасын ұйымдастырған күдікті ұсталды
Polisia.kz

Алматы қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Жамбыл облысы аумағынан Алматы және Астана қалаларына есірткі жеткізу арнасын ұйымдастырған қылмыстық топтың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Арнайы құрылған тергеу-жедел тобы полицияның арнайы мақсаттағы бөлімшесінің күштік қолдауымен Жамбыл облысы аумағына іссапармен барып, жедел іс-шаралар жүргізді.

Нәтижесінде 42 жастағы есірткі саудасына қатысы бар деген күдікпен ер адам ұсталды.

Санкцияланған тінту барысында оның тұрғын үйіндегі жатын бөлмеден, төсек жанындағы тумбадан өзіне тән иісі бар өсімдік тектес зат салынған полиэтилен пакет табылып, тәркіленді.

Сот-сараптамасының қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат гашиш болып шықты.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сонымен қатар медициналық куәландыру нәтижесінде ұсталған адамның есірткі заттарын қолданғаны анықталды.

— Бұл қылмыстық схема біздің қызметкерлер тарапынан ұзақ уақыт бойы мұқият пысықталды. Жедел іс-шаралардың нәтижесінде Жамбыл облысы аумағынан Алматы және Астана қалаларына есірткі жеткізу арнасы тоқтатылды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. Қылмыстық схемаға қатысы бар барлық тұлғаларды анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, — деді Алматы қаласы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары