Халқымыздың жасампаз қуатына, жастардың таудай талабына сенемін – Мемлекет басшысы

/
Халқымыздың жасампаз қуатына, жастардың таудай талабына сенемін – Мемлекет басшысы
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция жасанды интеллектіні дамыту мен жаппай цифрландыруға жол ашатынын атап, 15 наурыздағы референдумда әрбір азаматтың, әсіресе жастардың белсенді қатысуының елдің жарқын болашағын құрудағы маңызды рөл атқаратынын айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Жаңа Ата заңымыз технологиялық өрлеуге, жасанды интеллектіні дамытуға және жаппай цифрландыруға жол ашады. Отанымыздың әділетті әрі өркендеген мемлекет болуына ықпал етеді.

Біз – бейбіт елміз. Қазақстанның көк түсті төлқұжатын жаһан жұртшылығы жақсы біледі және құрметтейді. Әлемнің әр түкпірінде азаматтарымызды жылы қабақпен, ерекше ілтипатпен қарсы алады.

Бүгінде 90 мыңнан астам жастарымыз шетелде кедергісіз білім алуда. Біз әр адамға зор мүмкіндік беретін елде өмір сүріп жатырмыз. Жақында өтетін референдум – сондай керемет мүмкіндіктің бірегейі.

15 наурызда әр азаматымыз Қазақ елінің жасампаздық жылнамасына өз қолтаңбасын қалдыра алады. Бұл – нағыз тарихи сәт. Мұндай сәт үнемі бола бермейді.

Осы орайда, Мен Қазақстан жастарына тағы да арнайы үндеу жасағым келеді.

Референдумға белсене қатысу – ел тағдырына бей-жай қарамау деген сөз. Сол күні өз таңдауыңды жасау – туған елдің жарқын болашағын Өз қолыңмен құру деген сөз.

Уақыт өтеді, ал Қазақстан жаңа Конституцияның арқасында қарыштап дами береді. Көп ұзамай әлемдегі ең озық елдің біріне айналады.

Сол кезде «Қастерлі Отанымды осы биікке жеткізген жолды таңдауға мен де атсалыстым» деп, мақтанышпен айта аласыздар. Ал, кейінгі буын өздеріңізге әрдайым ризашылығын білдіріп жүреді.

Ұлы Абай «Адамның адамшылығы істі бастауынан білінеді» деген. Біз бір ел болып маңызды әрі жауапты жұмысты қолға алдық. Ең бастысы, ниетіміз – түзу. Демек ісіміз оңға басып, берекелі болары сөзсіз

Түптеп келгенде, мұның бәрі елдің ертеңі үшін жасалып жатыр. Ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен бізге кең-байтақ жерді аманат етті. Біз де келер ұрпақтың әділетті әрі өркендеген Қазақстанда өмір сүргенін қалаймыз. Сол үшін бәрін жасаймыз.

Мен халқымыздың жасампаз қуатына, жастардың таудай талабына сенемін. Енді бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, белсенді жұмыс істейік. Ел мүддесіне адал қызмет ете беріңіздер! Еліміз аман, жеріміз тыныш болсын!», - деді Президент барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар