Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға жаңа Конституция жобасына үлес қосу мүмкіндігі берілгенін айтып, референдумда әрбір дауыс елдің болашағы үшін маңызды екенін жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Осы орайда барша азаматқа, әсіресе, жас отандастарымызға қарата арнайы үндеу жасағым келеді.
Жаңа Конституция жобасы, ең алдымен, Сіздерге арналған.
Сіздерге референдумда дауыс беріп, Отанымыздың тағдырына қатысыңыз бар екеніңізді білдіретін орайлы мүмкіндік берілді. Басқаша айтқанда, Сіздер Ата заңға үлес қосқан азаматтар ретінде ел тарихына өз есімдеріңізді жазып қалдыра аласыздар.
Біраз уақыт өткен соң, өмір көріп, есейген шағыңызда: «Мен азаматтық парызымды орындадым. Елімнің жаңа Ата заңын қабылдауға өз үлесімді қостым» деп мақтанышпен айтуға толық құқыңыз бар.
Қымбатты отандастар! Сіздердің таңдауларыңыз – бюллетень қағазындағы жай ғана белгі емес. Ол – жаңа Халық Конституциясы жобасына көрсетілген нақты қолдауыңыз. Қазақстанды дамудың даңғыл жолына салуға жастар атсалысады.
Күні ертең ынтымақ-бірлігі жарасқан, еңбекқор, заңға бағынатын, білім, ғылым, мәдениет және зайырлылық құндылықтары берік орныққан, жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект күнделікті өмірдің ажырамас бөлшегіне айналатын қоғам құру миссиясы Сіздерге жүктеледі.
Сіздің дауысыңыз нағыз жасампаз отаншылдықтың, азамат ретінде ел келешегі үшін жауапкершілік арқалаудың қандай болатынын көрсетеді», - деді Мемлекет басашысы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында.