Президент: Өзім де Мемлекет басшысы ретінде жаңа Конституция жобасының мәтінін жазуға тікелей атсалыстым

/
Президент: Өзім де Мемлекет басшысы ретінде жаңа Конституция жобасының мәтінін жазуға тікелей атсалыстым
Ақорда

Президент жаңа Конституция жобасының дайындалуында өзі тікелей қатысқанын, әр норма мен бапқа мұқият қаралғанын және азаматтардың мыңдаған ұсынысы ескерілгенін атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Ашығын айтайын, мен өзім де Мемлекет басшысы ретінде Жаңа Конституция жобасының мәтінін жазуға тікелей атсалыстым.

Мен оның әр тарауына, әр бабына баса мән бердім. Әрбір сөздің мағынасына терең үңіліп, өз ұсыныстарымды Конституциялық комиссияға жолдадым.

Бұдан бөлек, біз терминдер мен сөздерді қазақы ұғымға барынша сай етіп беруге айрықша назар аудардық.

Мысалы, қазіргі Ата заңымызда «Қазақстан аумағының тұтастығы» деген ұғым бар. Негізі, бұл «жердің тұтастығы» болуы керек еді. Мен бұл мәселеге сарапшылардың назарын аудардым.

Себебі, жер – қазақ үшін ең қастерлі ұғымның бірі. Ата-бабаларымыз бір қарыс жер үшін жанын құрбан еткен. Осы ұланғайыр жерді қорғап, ұрпаққа мирас еткен.

Оның табиғатын аялау, тұтастығын сақтау, шекарасын қас қақпай күзету – қасиетті борышымыз. Ұлы даланың бір уыс топырағы – баға жетпес байлығымыз.

Сондықтан «жердің тұтастығы» деген сөз халқымыздың дүниетанымына сай келетін, нағыз қазақы ұғым болар еді. Мен бұл ұстанымды қолдаймын.

Алайда, халықаралық деңгейде орныққан термин болғандықтан, Конституциялық комиссияның басым көпшілігі «аумақтық тұтастық» ұғымын өзгеріссіз қалдырды.

Мен мұны жаңа Конституцияның жобасын әзірлеу кезінде әрбір нормаға, әрбір бапқа қатысты қызу пікірталас болғанына байланысты мысал ретінде айтып отырмын.

Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар. Жұртшылық та бұл жұмыстан тыс қалған жоқ. Азаматтарымыздан мыңдаған ұсыныс келіп түсті. Соның барлығы мұқият зерттеліп, сүзгіден өтті.

Ақылға қонымды ұсыныстың барлығы ескерілді. Бұл халқымыз өз болашағы үшін жауапты екенін терең сезіне алғанын көрсетеді.

Референдумға шығарылып жатқан жаңа Ата заң жобасы жан-жақты зерделеніп, қызу талқыдан өтті. Сондықтан оны нағыз Халық Конституциясы деп нық сеніммен айта аламыз», - деді Президент барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар