Қасым-Жомарт Тоқаев: Ата заң жобасы – азаматтармен адами қарым-қатынас түзудің жарқын көрінісі

/
Қасым-Жомарт Тоқаев: Ата заң жобасы – азаматтармен адами қарым-қатынас түзудің жарқын көрінісі
gov.kz

Мемлекет басшысы жаңа Конституция жобасы адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтетінін, сонымен бірге азаматтардың мемлекет алдындағы құқықтары мен жауапкершіліктерін тең дәрежеде қамтамасыз ететінін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Жаңа Конституция жобасы адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды ең жоғары деңгейге көтереді. Яғни адам дүние есігін ашқаннан бастап, оның бастауыш және орта білім алуы, отбасын құруы және кәмелетке толған балалардың еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасау міндеті Негізгі заңда түгел қамтылған.

Ата заң жобасы – азаматтармен адами қарым-қатынас түзудің жарқын көрінісі. Күні кеше ғана кейбір нормалар әлеуметтік қиял сияқты көрінген еді.

Мысалы, қазіргі Конституцияда азаматтың мемлекетке келтіретін зияны жөнінде жазылған, ал жаңа Ата заң жобасында адамға зиян келтіргені үшін мемлекетке жүктелетін жауапкершілік туралы норма пайда болды.

Бұдан былай әр адам мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның заңсыз әрекеті арқылы келтірілген зиянды мемлекеттен өтеп алуға құқығы бар.

«Мемлекет Конституциясы адам конституциясын бұзбайтындай болуға тиіс» деген ұлағатты сөз Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын, мүдделерін қорғаудың жаңа тәсілдерін дәл сипаттайды.

Заң мен тәртіп үстемдігіне мемлекеттік идеология ретінде басымдық берілгенін тағы да атап өткім келеді. Бұл қағидатты толық түсінбесек және ұлттық санамызға сіңірмесек, қазақ мемлекеттігінің нығаюы туралы айтудың өзі артық», - деді Президент барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында.

Президент негізгі заңда адвокатура институты бекітіліп, сондай-ақ Миранда ережесі енгізілетінін жеткізді.

«Жемқорлардың, тіпті олардың соттылығы заңда белгіленген тәртіппен жойылғанына немесе алынғанына қарамастан, сайлануға құқығы жоқ. Бұл – өте маңызды жаңашылдық деп ойлаймын.

«Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды» деген бап та әділдік қағидатына толық сай келеді. Жаңа Конституция жобасында «Сот шешiмiнсiз тұрғын үйден айыруға және шығарып жіберуге жол берiлмейдi» деп нақты жазылған.

Негізгі заңда адвокатура институты бекітіліп, сондай-ақ Миранда ережесі енгізіледі. Бұрын-соңды мұндай болған жоқ. Осы арқылы азаматтың сотта қорғалу және заң көмегін алу құқығына мемлекет беретін кепілдік күшейеді.

Жеке өмірге қол сұқпау құқығын Конституция деңгейінде бекіту ұсынылды. Бұл жерде тек жеке салымдар мен жазысқан хаттардың құпиясын заңмен қорғау туралы сөз болып отырған жоқ.

Банк операцияларының, дербес деректердің құпиялығын қамтамасыз ету Конституция бойынша қорғалады. Цифрлық технология мен қаржы секторы қарыштап дамыған қазіргі заманда бұл өзекті мәселеге айналды.

Бұдан бөлек, Қазақстанда дербес деректер мен цифрлық құқықтың қорғалуына кепілдік беруді Негізгі заң деңгейінде бекіту жоспарланып отыр», - деді Мемлекет басшысы. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар