Біз, шын мәнінде, халықтық билік қалыптастырудамыз – Қасым-Жомарт Тоқаев

/
Біз, шын мәнінде, халықтық билік қалыптастырудамыз – Қасым-Жомарт Тоқаев
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік биліктің жаңа үлгісі билік тармақтарының тәуелсіз және үйлесімді жұмысын қамтамасыз ететінін айтып, бұл шешімнің еліміздің бәсекеге қабілеттілігі үшін маңызды екенін атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Біз бір ел болып жаңа кезеңге қадам бастық. Мемлекеттік мекемелер жекелеген басшылардың қалауына қарай емес, Конституцияға және тиісті заңға сәйкес жұмыс істейді. Саяси жаңғырудың мән-маңызы да – осында.

Мемлекеттік биліктің табиғи, яғни эволюциялық жолмен дамуы мызғымас сипатқа ие болды. Бұл маңызды жұмысты тоқтату, тіпті, өткенді кері қайтару да мүмкін емес. Себебі халық ондайға жол бермейді. Мен бұған кәміл сенемін.

Бүгінде мемлекеттік құрылымның жаңа үлгісі ұсынылып отыр. Соған сәйкес биліктің барлық тармағы шешім қабылдаған кезде бірдей тәуелсіз болады. Ал Президент олардың кедергісіз, үйлесімді жұмысын қамтамасыз етеді.

Еліміздің басты өкілді органы – Құрылтайдың құзыреті кеңейе түседі. Бір палаталы Парламент тиімді заң шығару қызметін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Әлемдік тәртіп пен ішкі реформалар түбегейлі өзгеріп жатқан кезеңде заманауи сын-қатерлерге дер кезінде төтеп беру бәсекеге қабілетті мемлекеттің басты сипатына айналды. Сондықтан бұл шешімнің маңызы зор», - деді Қ. Тоқаев.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Халық Кеңесінің рөлін нығайту арқылы халықтық билік қалыптастырып, әлеуметтік әділдік пен азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етудің маңыздылығын айтты.

«Өз кезегінде, жоғары кеңесші орган саналатын Халық Кеңесі мемлекет пен қоғам, әртүрлі әлеуметтік-этностық топтар арасында сенімді байланыс орнатады.

Ал Халық Кеңесіне заң шығару бастамасын беру оның институционалдық рөлін нығайта түседі.

Барлық саяси жаңғыру ел тағдырына институционалдық жауапкершілікті күшейту ниетінен туындап отыр. Бір ғана тірекке арқа сүйеген саяси жүйе әлсіз болады әрі ұзаққа шыдамайды.  Мұны әлемдік тәжірибе дәлелдеді.

Біз, шын мәнінде, халықтық билік қалыптастырудамыз. Оның өзегінде әлеуметтік әділдік, жасампаз отаншылдық, Заң мен тәртіп үстемдігі, азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтарын сақтау, білім, ғылым және технологияның дамуына басымдық беру, мемлекетіміздің Тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау секілді ешқашан ескірмейтін, мәнін жоймайтын құндылықтар жатыр», - деді Мемлекет басшысы  барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар