Тек былтырдың өзінде 3,6 миллион адам мемлекет есебінен тегін дәрі-дәрмек алды – Мемлекет басшысы

/
Тек былтырдың өзінде 3,6 миллион адам мемлекет есебінен тегін дәрі-дәрмек алды – Мемлекет басшысы
istockphoto.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы әлеуметтік қолдау жүйесінің тиімділігін, оның ішінде медицина қызметкерлерін қорғау, ақысыз дәрі-дәрмек және әлеуметтік төлемдердің көлемін арттыру шараларын атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Мен медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы заңға жыл басында қол қойдым. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің көбінде мұндай норма жоқ.

Сонымен қатар басқа елдермен салыстырғанда Қазақстан халқына ақысыз медициналық көмек алуға заңмен кепілдік берілген. Тек былтырдың өзінде 3,6 миллион адам мемлекет есебінен ақысыз дәрі-дәрмек алған.

Елімізде Әлеуметтік сақтандыру жүйесі тиімді жұмыс істеп тұр. Жұмыссыз қалған, асыраушыдан айрылған және еңбекке жарамсыз адамдарға арнайы көмек беріледі.

Биыл осындай әлеуметтік төлемдердің көлемі 10 пайызға ұлғайды. Бүгінге дейін 660 мыңнан астам адамға шамамен 70 миллиард теңге қаржылай қолдау көрсетілді. Осы жылы жәрдемақының барлық түрінің, базалық және ортақ зейнетақының мөлшері 10 пайызға көбейді.

Мұның бәрі – Қазақстанда дүниеге келгеннен бастап өмір бойы берілетін әлеуметтік көмектің аздаған бөлігі ғана.

Өкінішке қарай, мемлекеттің мұндай қолдауын көпшілік тиісті деңгейде бағалай бермейді, оны солай болуға міндетті деп қабылдайды, аспаннан шұға жауғандай көреді.

Халықаралық сарапшылар үкіметтерге қоғамда жалқаулық белең алып, азаматтардың жұмыс қабілетінің төмендеуі мүмкін екені туралы ескертуде.

Айтпақшы, жақында әйгілі Илон Маск осы тақырыпта сөз сөйлеп, әлеуметтік жүйелердегі «шектен тыс жомарттықтың» зиянын жеткізді. Осы тектес болжамдар мен мәлімдемелерді жиі көреміз.

Сонымен қатар кейбір ар-ұяты жоқ адамдар, қарапайым тілмен айтқанда, алаяқтар, ешқандай құқығы болмаса да әлеуметтік көмек алудың қылмыстық жолдарын жасаған. Бұл жөнінде бұған дейін де айтқанмын.

Мұндай қылмыскерлер ең әуелі мемлекеттік қолдауға шын мұқтаж жандарды тонап отыр. Сондықтан әлеуметтік көмекті тиісті адресіне жеткізу үшін ауқымды жұмыс жүргіземіз.

Шетелдіктер еліміздегі әлеуметтік қолдау жүйесі осыншама жоғары деңгейде екеніне таң қалады. Себебі мұндай көмек кез келген елде көрсетіле бермейді. Ашығын айтсақ, кейбір мемлекеттер осындай қолдау жасауға құлықты емес», - деді Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар