Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ең басты байлығы – адамдар екенін айтып, әлеуметтік салаға жасалып отырған жүйелі қолдау мен адам капиталын дамытуға бағытталған ауқымды инвестициялар туралы мәлім етті, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Мен еліміздің ең басты байлығы – адамдар екенін үнемі айтамын. Өздеріңізге мәлім, халқымыздың саны тұрақты түрде өсіп келеді. Бүгінде біз 20,5 миллионнан астық. Бірақ мәселе тұрғындардың санында емес, адам капиталының сапасында.
Қазақстан өз азаматтарына әрдайым қамқорлық танытып, әлеуметтік мемлекет ретіндегі мәртебесін нығайтып келеді. Қазіргі таңда мемлекеттік бюджеттің 50 пайыздан астамы әлеуметтік салаға тиесілі.
Ал адам капиталын дамытуға арналған инвестиция көлемі жыл сайын шамамен бір триллион теңгеге өсуде. Бұл көп қаражат деп айтсақ, қате болмас. Сондықтан мұның бәрін қалыпты нәрсе деп қабылдауға болмайды. Себебі осындай ауқымды әлеуметтік қамқорлық, бұл – ең алдымен, ел азаматтарының табанды еңбегінің жемісі және нәтижесі.
Мысалы, ана мен баланы қолдау шараларын алайық. Көптеген дамыған мемлекетте, соның ішінде Еуропа елдерінде әйелдер баланы дүниеге әкелген соң бірнеше айдың ішінде жұмысқа шығуға міндетті.
Ал Қазақстанда жағдай мүлдем басқаша. Мемлекет ата-аналарға жан-жақты қолдау көрсетеді. Түрлі жәрдемақылар, жеңілдіктер қарастырылған. Оларға жұмыс орнын сақтай отырып, үш жылға дейін еңбек демалысын алуға мүмкіндік берілген. Бір сөзбен, ата-аналар бала тәрбиесімен алаңсыз айналыса алады.
Менің бастамаммен «Ұлттық қор – балаларға» жобасы жүзеге асырылып жатқанын білесіздер. Бүгінге дейін 18 жасқа толмаған 7 миллионға жуық баланың арнайы есепшотына 2,5 миллиард доллардан астам қаржы аударылды», - деді Президент барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында.