Әскери қақтығыстар, «сауда соғысы» жылдан жылға ушығып барады – Президент әлемдегі жағдай туралы пікірін айтты

/
Әскери қақтығыстар, «сауда соғысы» жылдан жылға ушығып барады – Президент әлемдегі жағдай туралы пікірін айтты
Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында жаһандағы әскери қақтығыстар мен экономикалық шиеленістерге қарамастан Қазақстан экономикасы тұрақты өсім көрсетіп отырғанын атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Латын Америкасындағы, Таяу Шығыстағы оқиғалар геосаясатқа өзгерістер әкелгеніне қарамастан, еліміз жақын және алыс орналасқан мүдделес мемлекеттердің барлығымен жан-жақты ынтымақтастықты ұдайы дамыта береді.

Қазір сыртқы саясат пен дипломатияның рөлі арта түсті. Бұл Қазақстан үшін де маңызды. Ел ішіндегі ахуалға, экономикаға немесе саяси реформаларға белгілі дәрежеде халықаралық жағдайлар ықпал етеді.

Осы орайда Қазақстанның табысты дамуына бірлік пен тұрақтылық негіз болмақ. Бұл – біздің бұлжымас қағидаттарымыз.

Дегенмен аталған факторлардың орнықтылығы – өткеннің мұрасы емес, отандастарымыздың жоғары азаматтық және саяси жауапкершілігінің жемісі. Ішкі саясаттың осынау нәзік саласында биліктің де, қоғамның да қателесуге құқы жоқ. Оның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Бұл арада құйтырқылық пен бос мақтанға орын жоқ.

Бүгінде ескілікті аңсайтын, діни әрі ұлттық құндылықтар мен елдік мүдде турасында қате түсінікке негізделген әсіре консервативті саяси жүйе заман талабына сай келмейтініне, сәтсіздікке ұшырататынына көз жеткізіп отырмыз.

Алға қадам басқанның аяғынан шалу – кері кету, тіпті, тіршілік заңына қарсылық саналады.

Алайда асығыс, сарапқа салмай қабылданған өзгерістер мен шешімдердің салдары тым ауыр. Сондықтан мен құр ұранмен реформа жасауға түбегейлі қарсымын. Барлық бастама ақылға қонымды болғаны жөн. Егер өзеннің арғы жағасына өткің келсе, тереңге бойлай алатыныңа сенімді болуың керек.

Тұрақтылықты бірер күнде, тіпті санаулы сағатта бұзуға болады. Ал оны қалпына келтіруге ондаған жылдар қажет. Сондықтан Заң мен тәртіп тұжырымдамасын ұстану өте өзекті деп білемін. Бұл тұжырымдама саяси жүйеміз бен өмір салтымыздың негізі. Еш популизм емес.

Ортақ Отанымыз, Қазақстан Республикасының тағдыры тек өзіміздің қолымызда екенін ешқашан ұмытпағанымыз абзал.

Шынын айтқанда, біздің жаһандық дүрбелеңдерге төтеп беруге дайын не дайын емес екеніміз, қоғамымымыздың қандай мәселеге бас қатыратыны ешкімге маңызды емес.

Жаңа дәуірге қадам бастық. Озық ойлы ұлт ретінде қазіргі сын-қатерлерге бейімделіп, оған жасампаздықпен жауап беруіміз қажет.

Елімізде ауқымды реформалар жүргізуде бір ғана мақсатты көздейміз. Бұл – мемлекетіміздің Тәуелсіздігі мен егемендігін нығайту, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халқымыздың әл-ауқатын жақсарту», - деді Президент.

Мемлекет басшысы былтыр елдің жалпы ішкі өнімі 306 миллиард долларға жетіп, Қазақстан әлемдегі ірі 50 экономиканың қатарына қосылғанын айтты.

«Қазір әлемдегі саяси-экономикалық ахуал аса күрделі болып кеткенін көріп отырсыздар.

Әскери қақтығыстар, «сауда соғысы» жылдан жылға ушығып барады. Бұл әлемдегі ірі мемлекеттер арасындағы өзара сенім дағдарысының, олардың халықаралық қауымдастық алдындағы жауапкершілікті елеп-ескермеуінің нәтижесі деп айтуға негіз бар. Мұның бәрі еліміздің мүмкіндіктерін шектеп отыр.

Бірақ соған қарамастан, біз ұлттық стратегиямызды табанды түрде әрі біртіндеп жүзеге асырып жатырмыз. Барлық сын-қатер мен қиындықты еңсеріп, тұрақты дамып келеміз.

Былтыр Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 306 миллиард доллар болды. Бұл – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасындағы екінші орын, ал осы аймақтағы елдер арасындағы ең үлкен көрсеткіш.

Соның нәтижесінде біз биыл әлемдегі экономикасы аса ірі 50 елдің қатарына қосылдық. Беделді халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының болжамына сәйкес биыл осы көрсеткіш 320 миллиард доллар болады.

Шетелден тартылған таза инвестиция көлемі бойынша Қазақстан Орталық Азияда көш бастап тұр, яғни 150 миллиард доллардан астам қаражат тартылды. Бұл – Орталық Азиядағы тікелей шетел инвестициясының 69 пайызы деген сөз.

Еліміздің алтын-валюта қоры – 74 миллиард долларға, ал жалпы жинақталған қор 139 миллиард долларға жетті.

Бір сөзбен, ұлттық экономикамыз жалпы тұрақты түрде өсіп келеді. Ең маңыздысы, мұны сапалы өсім деуге болады», - деді Мемлекет басшысы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар