Қазақстанда мәслихат төрағаларын ротация тәртібімен ауыстыру қағидаты енгізілмек

/
Қазақстанда мәслихат төрағаларын ротация тәртібімен ауыстыру қағидаты енгізілмек
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихаттардың өкілеттігін кеңейтіп, жергілікті билік жүйесіндегі рөлін күшейту қажет екенін айтты. Сондай-ақ депутаттардың жауапкершілігін арттырып, мәслихат төрағаларына ротация тәртібін енгізуді ұсынды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Мәслихаттардың өкілеттігін одан әрі кеңейтіп, нақтылай түсу қажет. Бұл – айрықша маңызы бар міндет. Олардың жергілікті билік жүйесіндегі рөлін күшейту қажет.

Әкімдер халықпен кездескенде азаматтардың көбі нақты мәселелерді айтып, бірнеше сұрақ қояды. Сондай түйткілдер дұрыс шешімін табуы үшін депутаттық корпус белсенді түрде бақылау жасап, әкімдермен бірге жұмыс істеуі керек.

Сондай-ақ мәслихаттардың ішкі жұмыс тәртібін ретке келтіріп, қайта қараған абзал. Олардың көптеген құзыреті әлі күнге дейін айқын емес. Бұл ахуал мемлекеттік басқару үдерісіне кедергі келтіріп отыр.

Сондықтан өз міндетін орындамаған немесе этиканы бұзған мәслихат депутаттарының жауапкершілігін күшейтетін нақты шаралар қабылдау қажет. Мұндай қадам халықтың саяси мәдениетін дамытуға және өкілді билік институтына деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.

Біз басқарудың ротациялық тәртібін мемлекеттік биліктің барлық деңгейіне біртіндеп енгізіп жатырмыз. Қазіргі таңда сайланатын әкімдердің өкілеттігі екі мерзіммен шектелген. Енді мәслихат төрағаларын ротация тәртібімен ауыстыру қағидатын енгізу керек деп санаймын.

Бұрын мәслихаттарды басқаратын хатшылары болды, енді төрағалар басқарып отыр. Бұл, меніңше, дұрыс шешім болды. Алайда, олардың өкілеттігі де екі мерзімнен аспауы қажет. Осындай әдіс арқылы кәсіби депутаттық корпус қалыптастырып, оның тиімділігін арттыруға болады. Бұл ұстаным елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың логикасына сай келеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар