Жаңаөзенде туған 24 жастағы Ақтолғай Чукаева бүгінде Малайзия астанасы Куала-Лумпурда ағылшын тілінен сабақ береді. Ол жергілікті Manchester тіл мектебінде ұстаздық етіп, осы уақытқа дейін 400-ге жуық оқушыға тіл үйреткен. Оның шәкірттерінің ең кішісі – 4 жаста болса, ең үлкені – 41 жаста, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Ақтолғайдың айтуынша, ол алғашында Малайзияда тұрақтап, жұмыс істеймін деп ойламаған. Барлығы аяқ астынан болған шешімнен басталған.
«Менде алғашында Малайзияда қалып, жұмыс істеймін деген ой болған жоқ. Мектептегі еңбек демалысы кезінде тағылымдамалық бағдарлама туралы ақпаратты көріп, өтініш беріп көрдім. Бұрын Малайзияға келіп көргенмін, ел қатты ұнайтын. Сондықтан бір-екі ай өмір сүріп көрсем деген ой болды. Бағдарламаға құжат тапсырып, бір апта ішінде үш сұхбаттан өттім. Соңында шақырту алып, билет алып ұшып кеттім. Бұл – өмірімдегі ең тез қабылданған шешімдердің бірі. Тағылымдама аяқталар кезде мектеп директоры осында мұғалім болып қалуға ұсыныс жасады», - дейді Ақтолғай Чукаева.
Жас ұстаздың педагогикалық тәжірибесі төрт жылға жуық. Ол Малайзиядағы білім беру жүйесі мен Қазақстандағы білім беру саласының айырмашылықтарын да байқаған.
«Білім жүйесіндегі басты ерекшелік – ұстаздың жүктемесі. Қазақстанда мұғалімдердің мойнында жауапкершілік өте көп: сынып жетекшілігі, ата-анамен байланыс, сабақтан бөлек тоқсандық және жылдық есептер. Ал мен жұмыс істейтін тіл мектебінде әр топтың өз ассистенті бар. Ол ұстаз бен ата-ана арасындағы байланысты ұйымдастырып, сабаққа қажетті материалдарды дайындап береді. Мұғалім тек сабақ беруге көңіл бөледі. Біздің елде де ұстаздардың жүктемесін азайту қажет деп ойлаймын. Қанша цифрландыру жүйесіне көшсек те, қағазбастылық әлі де көп», - деді Ақтолғай Чукаева.
Сонымен қатар, Ақтолғай Малайзиядағы еңбек демалысының қысқа екенін әзілмен атап өтті.
«Мұнда Қазақстандағыдай 56 күндік еңбек демалысы жоқ. Бірақ біздің елдегі мұғалімдердің жүктемесін ескерсек, олар мұндай демалысқа әбден лайық деп ойлаймын», - деді ұстаз.
Ақтолғай Чукаева Малайзиядағы білім беру мәдениетінде ата-аналардың рөлі ерекше екенін айтады. Оның пікірінше, балалардың білімге деген құштарлығы көбіне ата-аналардың көзқарасына байланысты.
«Негізі айырмашылық балалардан бұрын ата-аналарда. Мұндағы ата-аналар баласының біліміне инвестиция салудан тартынбайды. Білім – ең маңызды құндылықтардың бірі. Балалар да оқуға құштар, өз ойын ашық айтады. Өкініштісі, біздің кейбір балалар армандауды білмейді. Қиялы шектелген баланың болашаққа деген үміті де шексіз болмайды», - деді Ақтолғай Чукаева.
Бүгінде шетелде еңбек етіп жүрген жас ұстаз қазақ жастарының білім мен жаңа мүмкіндіктерге ұмтылуы маңызды екенін атап өтті.