10 наурызда "Наурыз" ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдау басталды. Барлығы онлайн форматта жүзеге асып жатыр. Қазірдің өзінде 4 мыңға жуық отбасы баспана алуға ниет білдіріп, өтінім қалдырған, деп хабарлайды "Хабар" арнасы.
"Наурыз" бағдарламасына қатысу үшін міндетті түрде "Отбасы банкінің" клиенті болу керек. Депозитте кемінде 2 млн теңге болуға тиіс. Сондай-ақ өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылда өз атына тіркелген баспанасы болмауы керек. Кезекте тұрса да, тұрмаса да кез келген азамат бағдарламаға қатыса алады", - дейді "Отбасы банкі" АҚ баспасөз хатшысы Назерке Ғалым.
Үкімет азаматтарға мемлекеттік қолдау алуды жеңілдету үшін бірқатар шара қабылдады. Соның бірі – "Отбасы банкіне" ұлттық даму институты мәртебесінің берілуі. Ал "Наурыз" және "Наурыз – жұмыскер" бағдарламалары аясында жалпы сомасы 233 млрд теңгеге 8,5 мыңнан астам ипотекалық несие берілді.
Қазір елде халықты баспанамен қамтуға бағытталған бірнеше ипотекалық бағдарлама бар. Жуырда олардың қатары тағы бір жобамен толықпақ. Осы жазда әйелдерге арналған "Ұмай" ипотекалық бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Қазақстанда тұрғын үй алуға арналған пайызсыз, яғни исламдық ипотека тетіктері де қарастырылып жатыр.
Біз Пәкістандағы ірі банктердің бірімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Қазір заңнамаға өзгерістер енгізу жұмыстары жүріп жатыр. Егер мәжіліс қолдаса, исламдық ипотеканы осы жылдан бастап іске қосуды жоспарлап отырмыз", - дейді "Отбасы банк" АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
ЖАРНАМА
mechta.kz
Перейти
Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов тиісті министрліктерге қолжетімді коммерциялық ипотеканы дамыту және оның көлемін ұлғайту жөнінде тапсырма берді. Ал "Отбасы банкіне" халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға басымдық беру міндеттелді.
Жалпы биыл елде 18,5 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Ал тұрғын үй құрылысын қолдауға шамамен 2,4 трлн теңге бағытталған.