Инватакси және сурдоаудармашы қызметтері референдумда дауыс беру күні қызмет көрсетеді

/
Инватакси және сурдоаудармашы қызметтері референдумда дауыс беру күні қызмет көрсетеді
Орталық референдум комиссиясы

Қазақстанда республикалық референдумға дайындық аясында дауыс беру учаскелерінің барлық азаматқа қолжетімді болуына ерекше назар аударылып отыр. Осы бағыттағы жұмыстарды пысықтау мақсатында Орталық референдум комиссиясының мүшелері елдің барлық өңіріне инспекциялық сапарлар жасап, учаскелердің жабдықталу деңгейін тексерді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуы бойынша дауыс беру учаскелерін заңнама талаптарына толық сай әзірлеу қажеттігі, әсіресе мүгедектігі бар адамдар үшін қолайлы әрі кедергісіз орта қалыптастыру мәселесіне басымдық берілуде.

«Бүгінде барлық дауыс беру учаскелерінде мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы бұрыштар жабдықталған. Онда компьютерлер, үлкейткіш әйнектер, қосымша жарық көздері, дауыс беру бюллетеніне арналған Брайль қарпіндегі трафареттер, сондай-ақ Конституция жобасының мемлекеттік және орыс тілдеріндегі аудио нұсқалары қарастырылған.

Сонымен қатар, учаскелер пандустармен, кіреберістегі тактильді көрсеткіштермен және ғимарат ішіндегі тактильді навигация құралдарымен қамтамасыз етілген. Ал мұндай жабдықтар әлі толық орнатылмаған нысандарда жергілікті атқарушы органдар уақытша пандустар мен тактильді бағыттағыштарды орналастыру жұмыстарын қолға алған. Бұл мүгедектігі бар адамдардың дауыс беру учаскелеріне еш кедергісіз кіруіне мүмкіндік береді», - деді Нұрлан Әбідров.

Дауыс беру күні де қосымша қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, мүгедектігі бар азаматтар үшін инватакси қызметі мен сурдоаудармашылардың көмегі ұсынылады. Бұл олардың референдумға толыққанды қатысуына жағдай жасаудың маңызды тетігі болмақ.

«Комиссия мүшелерін даярлау ісі де назардан тыс қалған жоқ. Учаскелік комиссияларды қоса алғанда, комиссия мүшелері мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен қажеттіліктеріне қатысты арнайы оқытудан өтті. Оқу барысында қарым-қатынас әдебі, дұрыс терминологияны қолдану және мүгедектігі бар азаматтардың түрлі санаттарымен тиімді жұмыс істеу ерекшеліктері кеңінен түсіндірілді», - деді ОРК Төрағасы.

Бұдан бөлек, еліміздің үш өңірінде – Ақтөбе, Қостанай және Павлодар облыстарында пилоттық жоба аясында мүгедектігі бар адамдарға арналған жаңа инновациялық шешімдер енгізілген бір-бірден арнайы дауыс беру учаскесі жұмыс істейтін болады.

Осылайша, республикалық референдумға дайындық барысында инклюзивті орта қалыптастыруға бағытталған нақты шаралар қолға алынып отыр. Бұл әр азаматтың өзінің конституциялық құқығын тең жағдайда және қолайлы ортада жүзеге асыруына мүмкіндік береді.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары