Ұлытау облысының прокуратурасы жер заңнамасының сақталуына жүргізілген талдау барысында жер учаскелерін заңсыз беру және оларды мақсатсыз пайдалану фактілерін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Коммерциялық мақсаттағы екі жер учаскесі белгіленген тәртіпті бұза отырып берілгені, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы 7 мың га жердің мақсатсыз пайдаланылғаны анықталды.
Жаңаарқа ауданында ауданы 1,2 га-дан асатын жер учаскесі міндетті электрондық сауда-саттық өткізілмей жеке тұлғаға берілген, бұл негізсіз артықшылық туғызып, ашықтық қағидаттарын бұзған.
Сонымен қатар, су қорғау аймақтарында жер беруге тікелей тыйым салатын су заңнамасының талаптарын бұза отырып, 55 жер учаскесінің жеке меншікке берілгені анықталды.
Анықталған бұзушылықтар бойынша прокурорлық қадағалау актілері енгізілді.
Қазіргі уақытта заңсыз берілген жер учаскелерін мемлекеттік меншікке қайтару және кінәлі тұлғаларды жауаптылыққа тарту бойынша шаралар қабылдануда.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.