Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның жаңа жобасы референдумда қолдау тапса, елдің инновациялық дамуына берік негіз қаланатынын айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Халық Конституциясының жобасы референдумда жұртшылықтың жаппай қолдауына ие болған жағдайда мемлекеттігіміздің озық инновациялық жүйесін құруға зор мүмкіндік беретін болады. Сондай-ақ бас құжат жасанды интеллект және жаппай цифрландыру дәуірінде Қазақстанның тұрақты дамуына ұзақ мерзімді және мызғымас негіз қалайтыны сөзсіз.
Дей тұрғанмен сапалы адам капиталы болмаса, қарқынды технологиялық дамуға қол жеткізудің қиын болары айдан анық. Сондықтан осы маңызды міндетті орындау үшін ел өмірінің барлық саласына, атап айтқанда, әлеуметтік саясат пен иммиграцияны реттеу мәселесіне жаңаша көзқараспен қарап, тың тәсілдер әзірлеу қажет болады.
Тағы да қайталап айтамын, технология дамуында нақты прогреске қол жеткізу үшін сапалы адам капиталын қалыптастыру және дамыту ісін шындап қолға алу керек. Бұл проблемаға көз жұма қарауға болмайды. Демек әлеуметтік саясатты, соның ішінде иммиграция мәселесін қайта қарап, жаңа тәсілдер әзірлеген жөн.
Әлем түбегейлі өзгерді. Бұл үдеріс барған сайын үдей түседі. Бізге де, яғни күллі Қазақстанға өзгеретін кез келді. Әйтпесе өте қиын болады», - деді Мемлекет басшысы Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шарасында.