1 наурызда Астана қалалық спорттық балық аулау федерациясы ұйымдастыруымен Есіл өзенінде мормышкамен балық аулаудан Астана қаласының чемпионаты өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сайыстың әділ өтуіне және ережелердің қатаң сақталуына бас төреші Бақытжан Әділбеков пен хатшы Андрей Рогов жауапты болды. Ал Данил Коротовский балық аулау аймақтарындағы тәртіпті бақылады.
Аталған турнир тартысты бәсекеге толы болды. Шиеленісті бәсекенің қорытындысы бойынша І орынды Абай Мұқанов, ІІ орынды Антон Радионов, ал ІІІ орын Амангелді Салықов иеленді. Сонымен қатар «Big Fish» (ең ірі балық аулағаны үшін) арнайы номинациясымен Вячеслав Байғожин марапатталды.
Айта кетейік, бұл чемпионат қайырымдылық сипатта ұйымдатырылды. Жарыс барысында ауланған барлық балық жануарлар панажайына өткізілді. Бұл ізгі миссияны Астана қалалық спорттық балық аулау федерациясының жастар қанаты – «Добро рулит» клубының еріктілері өз мойнына алды.
Сонымен қатар, клуб белсенділері Астанадағы аз қамтылған отбасыларға арнап азық-түлік себеттерін таратты.