Щучинск қаласында дәмханадағы жарылыс пен өрттен қаза тапқандар саны сегізге жетті. Бурабай ауданының әкімдігі аталған ақпаратты растады, деп хабарлайды turkystan.kz NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
Зардап шеккен ер адам Бурабай аудандық көпсалалы ауданаралық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатқан.
«Иә, өкінішке қарай, ер адам кеше қайтыс болды», - деді Бурабай ауданының әкімдігінің өкілі.
Еске сала кетейік, өткен аптада Щучинск қаласындағы кафеде жарылыс болып, өрт шықты. Бастапқыда оқиға салдарынан шамамен 20 адам зардап шегіп, 6 адамның қаза тапқаны хабарланды. Кейінірек қаза тапқандар саны 7 адамға дейін өскені белгілі болды. Қаза тапқандардың бірі кәмелет жасына толмаған.
Ақмола обылыстық ТЖД жариялаған кейінгі мәліметтерге сәйкес оқиға салдарынан 10 адам құтқарылған. 28 адам зардап шеккен, олардың 13-і ауруханаға жатқызылған. Өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған, қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Өңір әкімдігі қаза тапқандардың отбасыларына 2 млн теңге, зардап шеккендерге 1 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетілетінін мәлімдеді.