«Тобыл» Қазақстан Суперкубогінің жеңімпазы атанды

/
«Тобыл» Қазақстан Суперкубогінің жеңімпазы атанды

28 ақпанда «Астана Арена» стадионында футболдан Қазақстан Суперкубогі өтті. Алаңда алматылық «Қайрат» пен қостанайлық «Тобыл» кездесті. Негізгі уақыт 2:2 есебімен тең аяқталып, пенальти сериясында «Тобыл» ойыншылары жеңіске жетті (5:4), деп хабарлайды turkystan.kz.

Есеп ойынның 6-минутында ашылды. Қорғаушылардың қателігін тиімді пайдаланған Луис Герра қостанайлықтарды алға шығарды – 0:1. «Қайрат» 20-минутта Александр Мрынский көмегімен көп күттірмей таразы басын теңестірді.

Алты минуттан кейін алматылықтар алға шықты. Жоржиньо тепкен пенальтиді қақпашы Сұлтан Бусурманов қайтарғанымен, допқа бірінші болып жеткен жартылай қорғаушысы Яакко Оксанен есепті 2:1 етті.

Екінші таймда ойын қарқыны бәсеңдеп, тактикалық тартыс күшейді. Матч тағдыры шешілгендей көрінген сәтте, 89-минутта «Тобылдың» капитаны Асхат Тағыберген айып добынан керемет гол соғып, есепті теңестірді – 2:2.

Пенальти сериясында қос команда да жоғары дәлдік көрсетті. Алайда шешуші соққы қостанайлықтардың еншісінде болды – 4:5. Осыған дейін екі клуб та Қазақстан Суперкубогын үш реттен жеңіп алған еді.

Биыл Суперкубоктың жаңартылған трофейі алғаш рет көпшілікке таныстырылды. Жаңа кубоктың дизайны заманауи сипатта жасалып, маусым шымылдығын ашатын ойынның маңызын айқындай түсті.

Матч басталар алдында символикалық алғашқы соққы жасалды. Оны IBot гуманоид-роботы мен «Болашақтың ойындары – 2026» турнир дирекциясының жетекшісі Алибек Хасенов орындады.

Суперкубокта танымал әнші Айқын Төлепберген және  Ұлттық ұлан ерлер хоры жанкүйерлерге мерекелік көңіл күй сыйлады. Астанадағы бұл матч жаңа маусымды ресми түрде ашты.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар