Орталық референдум комиссиясы 15 наурызда өтетін дауыс беру күні тіркелген жерінен тыс болатын азаматтардың қалай дауыс бере алатынын түсіндірді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Комиссия мәліметінше, мұндай жағдайда сайлаушылар 14 наурыз сағат 18:00-ге дейін учаскелік комиссияға өтініш беріп, есептен шығару куәлігін алуы тиіс.
«Егер Сіз 2026 жылғы 15 наурызда дауыс беру күні өзіңіздің тіркелген жеріңізден тыс жерге баратын болсаңыз, қалай дауыс бере аласыз?
Ол үшін 2026 жылғы 14 наурызда сағат 18:00-ге дейін Сіз өзіңіздің учаскелік комиссияңызға жазбаша өтінішпен жүгініп, жеке басыңызды куәландыратын құжатты ұсынуыңыз қажет. Комиссия Сізге есептен шығару куәлігін табыс етедi.
Есептен шығару куәлігін сенімхат негізінде өкіл арқылы да алуға болады. Сенімхатты нотариаттық куәландыру талап етілмейді.
Есептен шығару куәлігі жоғалған жағдайда ол қалпына келтірілмейді және оның телнұсқасы берілмейді.
Бір елді мекен шегіндегі басқа учаскеде дауыс бергісі келетін азаматтарға есептен шығару куәлігі берілмейтініне назар аударыңыз.
Дауыс беру күні өзіңіз болатын жердегі учаскеде есептен шығару куәлігін көрсетіңіз. Учаскелік комиссия Сізді дауыс беруге арналған тізімге енгізеді.
Толық ақпарат алу үшін өзіңіздің елді мекеніңіздің әкімдігінің call-орталығына хабарласуға болады. Әрқайсымыздың дауысымыз маңызды!», - делінген хабарламада.