Астанада ақша жымқырған мектеп директоры мен бас есепші сотталды

/
Астанада ақша жымқырған мектеп директоры мен бас есепші сотталды
istockphoto.com

6 ақпанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты С. және А.-ға қатысты үкім жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сотта анықталғандай, С. мектеп директоры бола отырып, бас бухгалтер А.-мен бірлесіп, қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып, 2015 жылғы қазаннан 2024 жылғы тамызға дейін мекемеде іс жүзінде жұмыс істемеген алты еден жуушыны негізсіз табельге енгізіп отырған. Нәтижесінде шамамен 29 млн теңге көлемінде қаражат иемденіліп, ұрлық жасаған.

«Бұдан бөлек, С. 2015–2024 жылдар аралығында заңсыз түрде және жеке-дара шешім қабылдап, 501 білім алушыға білім беру қызметтерінің ақысына жалпы сомасы 183 млн теңге көлемінде жеңілдіктер беру туралы бұйрықтар шығарған. Мектеп жарғысына сәйкес мұндай жеңілдіктер қарастырылмаған, себебі оқу ақылы негізде жүзеге асырылған.

Сонымен қатар, 2018 жылғы 1 қаңтардан 2024 жылғы 31 мамырға дейін С. мен А. мектеп жанынан «0» сыныптарды ұйымдастырып, ата-аналардан ақылы қызметтер үшін қолма-қол ақшаны бақылау-касса аппаратын қолданбай қабылдаған. Түскен қаражат мектептің есепшотына енгізілмей, бухгалтерлік есепте көрсетілмеген.

Нәтижесінде 305 млн теңге көлемінде қаражат иемденіліп, жұмсалған.

С. 2021–2024 жылдары жазғы лагерь қызметтері үшін алынған, КГУ есебінде көрсетілмеген, аса ірі мөлшердегі 25 млн теңге қаражатты да иемденген.

Сондай-ақ, 2017 жылғы қазаннан 2024 жылғы мамырға дейін С. шетелдік мұғалімдердің жалақысын жасанды және негізсіз түрде көтеру арқылы, делдалдар арқылы мектеп қаражатын жалпы сомасы 75 млн теңгеге иемденгені анықталды.

Азаматша А. 2017–2024 жылдары қылмыстық жолмен алынған бюджет қаражатын заңдастыру мақсатында шамамен 176 млн теңгені жеке депозиттік шотына аударып, 9 млн теңге көлемінде сыйақы алған», - делінген ақпаратта.

Сотталушылар кінәларын мойындамады. Сот С.-ға 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын, екі қабатты тұрғын үйін, автотұрақ орнын және зергерлік бұйымдарын тәркілеумен тағайындады.

А.-ға 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы, автокөлігін, автотұрақ орнын және зергерлік бұйымдарын тәркілеумен тағайындалды. Үш кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты бас бостандығынан айыру жазасын өтеу 1 жылға кейінге қалдырылды.

Азаматтық талап 588 млн теңге көлемінде қанағаттандырылды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар