Павлодарда дәрігерлер жаңа туған нәрестені өлімнен аман алып қалды

/
Павлодарда дәрігерлер жаңа туған нәрестені өлімнен аман алып қалды
istockphoto.com

Перинаталдық орталықта сирек кездесетін туа біткен ақаумен дүниеге келген нәрестеге сәтті ота жасалды. Салмағы небәрі 1,5 келі болып 36 аптада туған сәбиге дәрігерлер диафрагмалық жарық диагнозын қойып, шұғыл түрде кешенді ем жүргізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Нәрестенің өміріне алғашқы сәттен бастап қауіп төнді. Диафрагмалық жарық кезінде іш қуысы мүшелері кеуде қуысына өтіп, өкпенің қалыпты ашылуына кедергі келтіреді. Мамандардың айтуынша, салмағы аз шақалаққа хирургиялық көмек көрсету жоғары дәлдік пен кәсіби шеберлікті талап етеді.

Жаңа туған нәрестелердің жансақтау бөлімінде үш күн бойы сәбиге операцияға дейінгі дайындық жүргізілді. Үшінші күні хирургтар күрделі ота жасап, іш қуысы мүшелерін анатомиялық орнына қайтарып, диафрагманың тұтастығын қалпына келтірді.

Отадан кейін бірнеше күн ішінде нәресте өздігінен тыныс ала бастады. Дәрігерлер бұл өкпенің қалыпты жұмысқа көшкенін көрсететін маңызды клиникалық нәтиже екенін атап өтті. Қазіргі уақытта сәбидің жағдайы тұрақты, тамақтандыру кезең-кезеңімен енгізіліп, оң динамика байқалуда.

Мамандардың айтуынша, Перинаталдық орталықта неонаталдық хирургия бойынша мамандандырылған төсек-орындардың ашылуы осындай күрделі жағдайларда көмекті дер кезінде көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл ауыр хәлдегі нәрестелерді басқа өңірге тасымалдау қажеттілігін азайтып, уақыт жоғалтпай ем жүргізуге жағдай жасайды.

Жыл сайын орталықтың неонаталдық хирургтары әртүрлі деңгейдегі оннан астам операция орындайды. Дәрігерлер бұл оқиға аймақта жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін жоғары технологиялық медициналық көмектің тиімділігін дәлелдейді дейді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары