Өскемендегі жоғары оқу орнында жаңа Конституция жобасы талқыланды

/
Өскемендегі жоғары оқу орнында жаңа Конституция жобасы талқыланды
Жалпыұлттық коалиция

Өскемен қаласында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы өкілдері шығармашыл-ғылыми және этномәдени бірлестіктер өкілдерімен, сонымен қатар жастармен кездесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Делегацияны Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастап барды. Кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ұлықбек Тұмашинов пен Сергей Пономарев, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, «Еуразия» бірінші арнасының баспасөз хатшысы Полина Шиманская, С. Аманжолов атындағы ШҚУ басқарма төрағасы – ректоры Мұхтар Төлеген және басқалары қатысты.

Жиын жаңа Конституция жобасына және 15 наурызда өтетін республикалық референдумға арналды. Үкімет басшысының орынбасары жаңа Ата заң жекелеген өзгерістерді емес, еліміздің одан әрі даму жолын стратегиялық тұрғыда айқындайтынын ерекше атап өтті.

«Бүгін біз жаңа Конституция жобасын талқылай отырып, тек түзетулер жайында айтып отырған жоқпыз. Біреулер айтқандай, ескіні жаңамен алмастырып жатқан да жоқпыз. Қандай да бір құқықтық немесе моральдық құндылықтардың қажеттілігі туралы да пікір таластырып отырғанымыз жоқ. Біріншіден, әңгіме – ел дамуының бағытын түбегейлі өзгертетін ауқымды өзгерістер туралы. Екіншіден, тәуелсіздігімізді ең биік құндылық ретінде айқындайтын ұлттық құндылықтарымыздың мәңгілігі жайында сөз болып отыр. Енді біз оны жай ғана қастерлеп қоймай, нық әрі сенімді түрде қорғаймыз. Үшіншіден, жан-дүниесі таза, ой-өрісі жоғары, әлемдік бәсекеге қабілетті қазақстандық жаңа буын туралы айтып отырмыз. Олардың құқықтары мен бостандықтары цифрлық дәуірде ғылым, мәдениет және инновация құндылықтарымен нығая түседі. Сонымен қатар, ұлттың қазіргі жаһандық дамудағы орны мен рөлін қайта пайымдау маңызды. Бұл тағдыршешті кезең халқымыздың мыңжылдық тарихындағы сабақтастықты сақтап, жаңа дәуірге жол ашады», – деді Аида Балаева.

Сонымен қатар Премьер-министрдің орынбасары жаңа Конституция жобасының тұжырымдамасы Президенттің жүйелі әрі жан-жақты ойластырған  бастамаларынан тұратынын атап өтті.

«Жаңа Конституцияның тұжырымдамасы Президенттің «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» сияқты тұжырымдамалардан тұрады. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлын елдің Ата заңының басты авторы деп атауға толық негіз бар. Мемлекет басшысы халықтан түскен әрбір ұсынысты жеке өзі қарап, сын-ескертпелерді де назардан тыс қалдырмай, жан-жақты саралап отырды. Сол себепті Конституциядағы көптеген қағидатты өзгерістер оның бастамасымен әзірленіп, Конституциялық комиссияның қарауына ұсынылды», – деп атап өтті А.Балаева.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жаңа Конституция жобасы ауқымды қоғамдық диалогтың нәтижесі екенін, азаматтар мен сарапшылар қауымдастығының ұсыныстарына сүйене отырып әзірленгенін айтты.

«Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасы – ауқымды, ашық және шынайы бүкілхалықтық жұмыстың нәтижесі. Елдің Ата Заңы азаматтардың, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтың ұсыныстары ескеріліп әзірленді», – деді ол.

Кездесу барысында қатысушыларға жобадағы бірқатар институционалдық жаңалықтар, соның ішінде қоғамдық қатысу тетіктері мен басқару жүйесінің тұрақтылығы мәселелері түсіндірілді. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұлықбек Тұмашинов бірқатар институттардың тарихи сабақтастығына және билік сабақтастығын қамтамасыз ету міндеттеріне тоқталды.

«Құрылтай» атауы – ғасырлар қойнауынан жеткен тарихи ұғым. Халқымызда мұндай кеңесу, келісу дәстүрі ертеден бар. Вице-президент институтына қатысты түрлі пікірлер айтылды. Алайда бұл тәжірибе көптеген мемлекеттерге тән. Бізде бұл институт жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталады. «Құрылтай» қалыптасқаннан кейін Президент кандидатура ұсынады, депутаттар оны дауыс беру арқылы қолдайды. Вице-президент жекелеген бағыттарда, соның ішінде халықаралық байланыстар мен келіссөздерде жұмыс істейді, ал төтенше жағдайда билік сабақтастығын қамтамасыз етіп, белгіленген мерзімде сайлауды ұйымдастырады», – деді депутат.

Университет алаңында адами капитал тақырыбына және өңірлік жоғары оқу орындарының білім экономикасындағы рөліне ерекше назар аударылды. «С. Аманжолов атындағы ШҚУ» басқарма төрағасы – ректоры Мұхтар Төлеген Конституцияда адам дамуын негізгі бағыттардың бірі ретінде айқындау технологиялық даму мен өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру секілді заманауи талаптарға сай келеді

«2026 жылғы конституциялық реформа – бұл жай ғана нормаларды жаңарту емес. Бұл Әділетті Қазақстан құру идеясымен үндесетін, биліктің қоғам алдындағы ашықтығы мен жауапкершілігін нығайтатын институционалдық жаңғыру. Конституциялық деңгейде адами капиталды дамыту басымдығын бекіту – елдің стратегиялық таңдауы. Қазіргі кезеңде білім мен ғылым елдің экономикалық өрлеуі мен технологиялық тәуелсіздігін айқындайтын шешуші сала ретінде қарастырылады», – деді ректор.

Пікірталас барысында қатысушылар құжат елдің болашағына айқын бағдар беретінін атап өтті. Мәтінде адами капиталды дамытуға, білім мен ғылымға, инновацияларға, экологиялық жауапкершілікке және келешек ұрпақ алдындағы міндеттерге ерекше мән берілгені айтылды.

Кездесу соңында қатысушылардың барлық сұрақтарына толық жауап берілді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары