Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярмен бірге LRT депосындағы бірыңғай диспетчерлік орталықтың жұмыс дайындығын тексерді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қала басшысы жеңіл рельсті көлік жобасы аясында жүйені сынақтан өткізу жұмыстары жоспарға сай жүріп жатқанын және LRT қозғалысын іске қосу көктем айларына жоспарланғанын мәлімдеді.
«Орталық көлік жүйесін басқару мен қаладағы жол-көше желісіндегі процестерді үйлестірудің негізгі элементіне айналады. Оның функционалына LRT құрамдарының қозғалысын басқару, интеллектуалды көлік жүйесінің бағдаршам нысандарын үйлестіру, қоғамдық көлікті диспетчерлік сүйемелдеу, велосипедті жалға беру жүйесін диспетчерлеу, сондай-ақ көлік деректерін өңдеу және сараптамалық талдау кіреді.
Сол сияқты аралау барысында «Әуежай», «Бәйтерек», «Министрліктер үйі», «Музей» станцияларының жай-күйін қарадық. Сынақтық пайдалану бекітілген сынақ бағдарламасына сәйкес бүкіл желі бойынша жүріп жатыр. Сынақтар инфрақұрылым мен қауіпсіздік жүйелерін тексеруді, сондай-ақ персоналды даярлауды және апаттық рәсімдерді пысықтауды қамтиды. Құрамдар Орталық Азияның климатына бейімделген, төмен температура мен мұздануға төзімді.
LRT құрамдары пилотсыз режимде қатынайды. Сынақтық пайдалануды аяқтау және жолаушылар қозғалысын бастау күні барлық іс-шара кешені толық орындалып, жүйенің белгіленген техникалық талаптарға сәйкестігі расталғаннан кейін анықталатын болады. LRT жұмысының басталуы жақын айларда (көктемде) күтіледі», - деді қала әкімі.