Украиндар да қолдап отыр

Украиндар да қолдап отыр

Украиндар да қолдап отыр
ашық дереккөзі
Әліпби мәселесі – кез келген елдің мемлекеттік саясаты. Бұл тұрғыдан алғанда әлемдік қолданыстағы әліпбидің бізге тиімдісі қайсы, қайсысы қазақ тілінің болмысын сақтауға, заманауи тұрғыдан дамытуға пайдасы тиеді? Бұл сұрақтың көптен бері қоғамдық талқылауға түсіп, талай айтыс-тартыстарға себеп болып келе жатқанына да біршама жыл өтті. Дегенмен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан кейін қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру үрдісіне жан бітіп, ол елдің аумағында ғана емес, өзге елдерде де талқылау обьектісіне айналған сыңайлы. Соның бірі – Украинадағы қоғамдық пікір. Жалпы бұл елдің саяси-экономикалық жақтан болсын, рухани жақтан болсын – қазақ еліне деген көзқарасы түзу. Сондықтан украиналық БАҚ-тарда  Қазақстанның латынға көшуін қолдайтындар аталған мәселеге жан-жақты пікір білдіріп жатыр. Украина Қоғамдық зерттеулер орталығының директоры Дмитри Левус «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында былай депті: «Қазақстан жетекшілері әлемдік үрдістерге қосылудың қажеттілігін біледі, сондықтан бұл тарапта олардың көзқарасы айқын. Өйткені бұл ел әлемдегі көшбасшы елдердің алғашқы жиырмалығының, тіпті ондығының қатарына қосылуға мүдделі. Сондықтан қазақ тілі латын әліпбиіне көшіп, рухани жаңғыруға бет алса оның «Түркі әлемінде» көшбасшылығы орныға түседі». Бұл арада пікір иесінің айтқанының жаны бар: бүгінде жер бетінде алты тәуелсіз түркі мемлекеті болса, соның төртеуі латын графикасына өткен. Демек, бұл үрдістен қазақ пен қырғыз елі сырт қала алмайды. Ал түркі елдері толық латын әліпбиіне көшкенде экономикалық әлеуеті мықты қазақ елі рухани жақтан да көш бастайтыны анық. Соңғы жылдары «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында өзінің төл әдеби, мәдени, тарихи ескерткіш-мұраларын түгендеуде өте үлкен жетістікке жеткен Қазақстан мәдени-рухани тұрғыдан қаншалық бай мемлекет екенін бүкіл әлемге таныта алды. Жасыратыны жоқ, кеңестік кезеңде кирилл әліпбиіне негізделіп қабылданған қазақ жазуы тіліміздің акустикасын бұзды, өзге тілдердің (орыс, араб-парсы) сөздерін дұрыс айту керек деген талаппен әліпбиге тілімізде жоқ дыбыстар енгізілді. Соның кесірінен қазақ тілінде жазып, өзге тілдің акцентімен оқыдық. Қанша рет бұл мәселе көтерілсе де, әлі күнге өзгеріссіз қалып келе жатқан қазақ әліпбиінің латынға көшуін – кейбір украиналықтар «қазақ тілінің орыс тілі ықпалынан құтылуға деген қадамы» деп бағалайды екен. Бұған мысал ретінде espreso.tv сайтында жарияланған Дмитри Гомонның «Прочь от «русского мира». Нужен ли Украине кириллический алфавит?» деген мақаласын келтіріп өтуге болды. Автор өз сөзінде латын әліпбиін пайдалануға өту – Қазақстанның аяқ астынан шығарған шешімі еместігін, бұны мемлекет басшылығы 2012 жылдан бастап қолға алғанын, сондықтан биылғы қадам жоспарлы түрде жасалып отырғанын айта келіп, қазақ тілінің латын әліпбиіне өтуі оны орыс тілінің әсер-ықпалынан арылтатын қадам деп бағалайды. Қазақстандағы латын әліпбиіне өту үрдісін қадағалап, оған өз пікірілерін білдіріп отырған украиналықтар бұл мәселеге қазақтардың өздерінің қандай көзқараста екенін білуге де қызығады екен. Өткен аптада аталған мәселе төңірегінде тікелей эфир өткізген Киев қалалық «Голос столица» радиосы қазақ еліндегі латын мәселесіне отандастарының пікірін айтқыза отырып, қазақстандықтарды қатыстырған көрінеді. Радионың тікелей эфиріне қосылған Қазақстан мектептерінің бірінде мұғалім болып істейтін Сәуле Мұратова өз еліндегі жағдай туралы: «Қазақстанда үштілділік енгізілген, яғни балалар мектепте үш тілде білім алып жатыр. Меніңше, бұл мәселенің қисыны бар және латын әліпбиіне көшу ешқандай қиындық тудырмайды деп ойлаймын. Жеке өзім ешқандай түйткіл көріп тұрғам жоқ. Үштілділік бірінші сыныптан бастап жүргізіліп жатыр. Біздегі қазақ балалары болсын, орыс балалары болсын түрлі желіде хат-хабар алмасқанда бір-біріне латын әріптерімен жазып отырады. Сондықтан латынға өтуге ешқандай кедергі де, қиындық та жоқ. Ал жұрттың неге шу көтеріп жүргенін түсінбеймін», – деген пікір білдіріпті. Жалпы, саяси-экономикалық не мәдени-рухани тұрғыдан жаңару, жаңғыру үрдісін жасау әр мемлекеттің ішкі шаруасы десекте, оған өзге елдер де өз мүддесі тұрғысынан пікір білдіріп, сараптама жүргізіп жатады. Кей жағдайда өздеріне тигізетін ықпал-әсерін, пайда-зиянын есептеп, қарсылық білдіріп жататындары аз емес. Десек те, қазақ еліндегі өзгерістерге оң көзімен қарап, дұрыс пікір білдіріп жатқан украиндықтардың көзқарасы бізді қуантады.