Жаңаөзенде картопты қымбат бағамен сатқан

/
Жаңаөзенде картопты қымбат бағамен сатқан
istockphoto.com

Маңғыстау облысында әлеуметтік маңызы бар өнімге белгіленген сауда үстемесін асырып жібергені үшін кәсіпкерге шара қолданылды, деп хабарлайды turkystan.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Тексеруді өңірлік Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жүргізді. Тексеруге Мемлекеттік кірістер департаменті ұсынған электронды шот-фактуралар деректері негіз болды. Құжаттарды талдау тауардың нақты сатып алу бағасын анықтап, оны бөлшек саудадағы бағамен салыстыруға мүмкіндік берді.

Нәтижесінде Жаңаөзендегі супермаркеттің рұқсат етілген шекті сауда үстемесін асырғаны расталды. Онда картопқа белгіленген үстеме мөлшері көтерілген, бұл заң бұзушылық болып саналады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы тиіс.

Департамент мәліметінше, кәсіпкер картопты 230 теңгеден сатып алып, 275 теңгеден сатқан, яғни 20 пайыз үстеме қосқан. Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпкер Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4-бабы 1-бөлігіне сәйкес жауапкершілікке тартылды.

Айыппұл мөлшері 5 айлық есептік көрсеткішті, яғни 21 625 теңгені құрады.

Мамандардың айтуынша, бірінші кезектегі тауарлардың бағасын қалыптастыру талаптары ерекше бақылауда. Заң бұзушылықтар электронды құжаттарды талдау арқылы да анықталады, ал бағаны негізсіз көтергені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары