Петропавл тұрғыны алаяққа 2 млн теңгесін беріп жіберген

/
Петропавл тұрғыны алаяққа 2 млн теңгесін беріп жіберген
polisia.kz

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны алаяқтардың арбауына түсіп, 2 млн теңге қаражатынан айырылып қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Петропавл қаласының 59 жастағы тұрғынына белгісіз тұлға қоңырау шалып, бұрынғы жұмыс орнынан хабарласқандай болып, өзін кадр бөлімінің заңгері ретінде таныстырған.

Ол әйелдің жеке ісін алып кеткенін айтып, мән-жайды анықтау үшін басқа "заңгердің" байланыс нөмірін жолдаған. Кейін өзін құқық қорғау органының қызметкері және банк менеджері ретінде таныстырған адамдар хабарласып, жәбірленушіні интернет-алаяқтық тәуекелі жоғары топқа кіргеніне сендірген.

Әңгіме барысында қауіп деңгейі үнемі күшейтіліп отырған. Нәтижесінде белгісіз тұлғалар оның банк аккаунтын бұзуға әрекет жасалып жатқанын айтып, қаражатты сақтау мақсатында ақшаны "қауіпсіз шотқа" аудару қажеттігін жеткізген.

Әйел алаяқтардың нұсқауын орындап, 2 млн теңгеден астам жинағын аударып жіберген. Абырой болғанда қылмыскерлер жиі қолданатын несие рәсімдеу фактісі орын алмаған. Жәбірленуші уақытылы алданғанын түсінген.

Полиция қызметкерлері ескертеді:

– Құқық қорғау органдары телефон арқылы құпия немесе қаржылық ақпарат сұратпайды;

– Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шараларына қатысу қажет болған жағдайда ресми шақыру қағазы жолданады;

– Қаржыға қатысты кез келген ақпаратты тек ресми арналар арқылы тексеру қажет.

Қаңтар айында Солтүстік Қазақстан облысында интернет-алаяқтықтың 33 дерегі тіркелген.

Жәбірленушілер қатарында зейнеткерлер, мұғалімдер, жұмыссыз азаматтар, жұмысшылар, медицина қызметкерлері және мемлекеттік қызметшілер бар. Олардың көпшілігі интернет-алаяқтық қаупі туралы хабардар болғанымен, алаяқтардың арбауына түсіп қалған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары