Ұлттық ұланның әскери бөлімінде таэквондодан әлем чемпионы қызмет етеді

/
Ұлттық ұланның әскери бөлімінде таэквондодан әлем чемпионы қызмет етеді
Ұлттық ұлан

Қарағанды қаласында орналасқан ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінде таэквондодан әлем чемпионы Максим Тин Отан алдындағы борышын өтеп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Максим Тин 2004 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. Таэквондомен төрт жасынан бастап айналысады. Спортшының қалыптасуына оның ағасы Станислав Тин мен жаттықтырушысы Максим Фу ерекше ықпал етіп, оған үлгі болған.

Бүгінде ұландық - Қазақстан Республикасының спорт шебері, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері. 2016 жылы Алматы қаласында өткен Азия чемпионатында топ жарса, 2018 жылы Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өткен Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. 2019 жылы Болгарияның Пловдив қаласында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанса, 2021 жылы Беларусьтің Минск қаласында өткен әлем біріншілігінде алтын және қола медаль иеленді. 2023 жылы Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында өткен Әлем кубогында жеңіске жетіп, 2025 жылы Шымкент қаласында өткен Азия кубогының жеңімпазы атанды. Сонымен қатар әр жылдары Әлем кубогының кезеңдерінде бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болды.

Қазіргі уақытта қатардағы Максим Тин әскери қызмет пен спорттық мансабын табысты ұштастырып, жоғары тәртіптілік, табандылық және Антына адалдық танытуда. Оның жетістіктері әскери бөлімнің абыройын арттырып, жас әскери қызметшілерге үлгі болуда.

6505 әскери бөлімінің қолбасшылығы әлем чемпионының Ұлттық ұлан қатарында қызмет атқаруын ерекше мақтаныш санап, оны патриотизмнің және жеңіске деген ұмтылыстың жарқын үлгісі ретінде атап өтті.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары