Алматы облысында Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың тапсырмасымен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің штабтары мен бөлімшелерінің үйлесімді іс-қимылын кешенді тексеру аяқталды. Десантшылардың күрделі жағдайда, бейтаныс жерде және шартты қарсыластың тылында тапсырмаларды орындаудағы қабілетіне барынша назар аударылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әскерлердің практикалық іс-қимылына бақылауды Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров жүргізді.
Дабылмен көтерілген Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бөлімшелері қысқа мерзімде межелі аудандар мен полигондарға әскери техникамен жорыққа шықты. Ол жерге басқару пункттерін шұғыл орнатып, жеке құрам оқу-жауынгерлік міндеттерді ұрысқа барынша жақын жағдайда орындауға кірісті.
Тексерудің негізгі эпизодтарының бірі қала ішінде заңсыз қаруланған құраманы жою болды. Құраманың бір бөлігі шартты қарсыластың тыл жағына армия авиациясының тікұшақтарымен жіберілді. Бұл тосыннан әрекет етуге және маневр элементтерін жасауға мүмкіндік берді.
Әуе қорғанысы күштерінің экипаждары десанттық-шабуылдау бөлімшелеріне сенімді авиациялық қорған болып, әуеде де, жерде де атыспен қолдады. Авиация өзара іс-қимыл жасай отырып, әскери қызметшілер елдімекенде қарсыласты орағытып өту, торуылдау және жою бойынша тактикалық іс-қимылдарды пысықтады. Артынша басып алған шептерге шоғырланып, маңызды объектілерді тазартты.
Кешенді тексеру қарқынды түрде өтіп, жауынгерлік даярлықтың, атап айтқанда жедел әрекет ету мен әскерлерді басқарудан бастап түраралық өзара іс-қимыл мен қару-жарақты іс жүзінде қолдануға дейінгі барлық негізгі элементтерді қамтыды.
Іс-шараларға 5 мыңнан аса әскери қызметші және 200-ден астам қару-жарақ пен әскери техника жұмылдырылды. Тексеріс қорытындысы бойынша жан-жақты талдау жасалып, Қорғаныс министрі басқару органдары жұмысының тиімділігіне және Десанттық-шабуылдау әскерлері жеке құрамының жауынгерлік машығына нақты баға береді.