Павлодар полициясына кәмелетке толмаған ұлы жоғалғаны туралы өтінішпен ер адам жүгінді. Бала досының туған күніне кеткен соң үйге оралмаған. Өз бетінше іздеу әрекеттері нәтиже бермегендіктен, әкесі екі тәулік өткеннен кейін ғана полицияға мәлім етті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Полиция департаментінің мәліметінше, өтініш түскеннен кейін іздестіру шаралары дереу ұйымдастырылды. Ориентировкалар барлық аумақтық бөлімшелерге және көршілес өңірлерге жіберілді.
“Нәтижесінде, үш сағат ішінде жасөспірім Ладожская көшесіндегі үйлердің бірінің ауласынан табылды. Анықталғандай, бала демалыс күндерін достарымен өткізген және телефонын өшіріп қойған. Өз мінез-құлқына нақты себеп айта алмаған, тек кейде эмоцияға беріліп, көшелерде серуендегісі келетінін айтты. Жасөспіріммен және оның ата-анасымен профилактикалық әңгіме өткізілді”, – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті.
Жыл басынан бері өңірде 12 кәмелетке толмаған жоғалған бала табылып, отбасыларына қайтарылды.
Полиция ескертеді:
Бала жоғалған жағдайда уақыт жоғалтпау үшін бірден 102 нөміріне хабарласу қажет.
Әрбір өткізілген минут кәмелетке толмағанның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.