Балқаштағы көпқабатты үйдің бір бөлігі опырылып түсті

/
Балқаштағы көпқабатты үйдің бір бөлігі опырылып түсті
Балқаш қаласы әкімдігі

19 ақпанында сағат шамамен 08:10-да Қараменде би көшесі, 10 мекенжайында орналасқан тұрғын үйдің бұрын апатты деп танылып, бұзуға жатқызылған, қазір пайдаланылмайтын (тұрғын емес) кіреберісінің бір бөлігі құлады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әкімдіктің мәліметінше, аталған подъезде ешкім тұрмаған. Зардап шеккендер жоқ.

«Хабарлаймыз, 2025 жылы көрсетілген подъезд Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізілген техникалық қорытынды мен құрылыс сараптамасының негізінде апатты деп танылған. 5-подъездің тұрғындары алдын ала қоныс аударылып, пәтерлері тұруға жарамсыз деп танылғандықтан, заңда белгіленген тәртіппен тұрғын үйге мұқтаж азаматтар ретінде есепке қойылған.

Құлау сәтінде қаза болғандар мен зардап шеккендер тіркелген жоқ. Ғимарат қоршауға алынып, кіруге шектеу қойылды, инженерлік коммуникациялар (электр, жылу, су жүйелері) белгіленген тәртіппен ажыратылды.

Қазір құрылыс және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, 5-подъездің демонтаждау жұмыстары жүргізілуде.

Демонтаж жұмыстары аяқталғаннан кейін қалған 4 подъездге қосымша техникалық тексеру және құрылыс сараптамасы жүргізіледі.

Алдағы уақытта қалған подъездер конструкцияларын күшейту бойынша жұмыстарды жүргізуге арналған жобалық-сметалық құжаттама белгіленген тәртіппен әзірленетін болады», - делінген хабарламада.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары