Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты орташа қауіпсіздік мекемесінің қызметкерлері есірткі заттарын мекеме аумағына заңсыз жеткізу әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жасырын патрульдеу барысында мекеме қызметкерлері Абай облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесіп, Семей қаласының 34 жастағы тұрғынын қолға түсірді. Күдікті мекеменің негізгі қоршауынан скотчпен оралған тоғыз ораманы ішке қарай лақтырмақ болған. Тексеру кезінде орамалардың ішінде өзіне тән иісі бар жасыл түсті, өсімдік тектес зат анықталды.
Оқиға орнында күдіктіні мекеме аумағына жеткізген автокөлік жүргізушісі де ұсталып, құқық қорғау органдарына тапсырылды.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат кептірілген марихуана болып шықты. Оның жалпы салмағы екі келіден асты.
– Тыйым салынған заттарды мекеме аумағына жеткізу әрекеттері әлі де басты қауіптердің бірі болып отыр. Қызметкерлердің қырағылығы мен полиция бөлімшелерімен үйлесімді жұмысының арқасында мұндай құқық бұзушылықтардың жолы дер кезінде кесілуде. Бұл, ең алдымен мекеме қызметкерлері мен сотталғандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шара, – деді мекеменің жедел бөлімінің бастығы Сунгат Абраев.