Орал қаласында балалық шақта бір-бірінен ажыратылған ағайындылар 54 жылдан кейін қайта табысты, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Аstanatv.kz арнасына сілтеме жасап.
Анасы қайтыс болғаннан кейін төрт бала әртүрлі балалар үйлеріне орналастырылған. Үшеуі Ақтөбе қаласындағы мекемелерде тәрбиеленсе, кенже ұл Аманбек денсаулығына байланысты әлеуметтік интернатқа жіберілген. Оның есту қабілетінде бұзылыс және сөйлеуінде кешеуілдеу болған.
Жылдар өте келе үлкен ағасы бауырларын іздеуді қолға алған. Ол туыстарының бір бөлігін тапқанымен, Аманбекті іздеу ұзақ уақытқа созылған. Іздеу жұмыстары барысында телебағдарламалар мен әлеуметтік желілердің көмегіне жүгінген. Кенже інінің тегі өзгертілуі іздеуді қиындатқан.
Қазір 57 жастағы Аманбек 40 жылдан астам уақыттан бері Орал қаласындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұрып келеді. Мекеме басшылығының мәліметінше, ол бұған дейін де ағасының бар екенін айтып жүрген.
Туыстық қатынасты растау үшін құжаттар мұқият тексерілген. Соңғы сот және тіркеу рәсімдерінен кейін ағайындылардың туыстығы ресми түрде нақтыланды.
Қазір бауырлар тұрақты түрде байланыста. Жақын арада Аманбекті отбасына алып кету мәселесі қарастырылып жатыр. Отбасы мүшелері алдағы уақытта жоғалтқан жылдардың орнын толтыруға ниетті.