Операция бөлмесінде музыка ойнап тұрғаны абсурд секілді көрінуі мүмкін. Бірақ Technical University of Dresden зерттеуі фондық музыка жас хирургтердің лапароскопиялық операция кезінде мазасыздығын азайтып, сенімділігін арттыратынын көрсеткен, деп хабарлайды turkystan.kz springer.com-ға сілтеме жасап.
Музыка эмоциялық күйді реттеуші ретінде жұмыс істейді: ішкі кернеуді төмендетіп, тұрақты жұмыс ырғағын қалыптастырады. Әсіресе бірсарынды, қайталанатын тапсырмаларда тиімді. Ми қимылды ырғаққа бейімдейді, бұл құбылыс «ритмикалық синхронизация» деп аталады. Соның арқасында қозғалыс нақтыланып, шаршау аз сезіледі. Сондықтан музыка сұрыптау, жинақтау, механикалық немесе физикалық еңбек кезінде жиі көмектеседі.
Алайда мәтіні бар әндер оқу, жазу, жаттау сияқты тілдік процестерге кедергі келтіруі мүмкін. Ән сөздері ойдағы сөздермен «бәсекеге түсіп», зейінді бөледі. Күрделі интеллектуалдық шешімдер қабылдағанда артық дыбыстық стимулдар миға шамадан тыс жүктеме түсіреді. Тәжірибелі мамандар үшін үйреншікті процедуралар аз когнитивтік ресурс талап етеді, сондықтан музыка алаңдатпайды. Ал жаңадан үйреніп жүргендерге немесе стандарттан тыс жағдайда, керісінше, кедергі болуы ықтимал.
Жеке ерекшелік те маңызды: интроверттерге музыка жиі бөгет жасаса, экстраверттерге керісінше көмектеседі. Музыка тым қатты болмауы керек: оның мақсаты назар аударту емес, тұрақты акустикалық фон жасап, кездейсоқ шуды «жасыру».
Біздің есту жүйеміз бірнеше дыбыстық ағынды қатар ажырата алады, бұл «есту сахнасын талдау» деп аталады. Сондықтан музыка тыңдап отырып аудиоміндет орындау теледидар қосулы тұрған ортада жұмыс істеуге қарағанда жеңілірек.
Қорытынды қарапайым: күйбең тірлікте музыка көмекші болса, күрделі ой еңбегінде артық жүк түсіреді. Егер музыка алаңдата бастаса, сәл үзіліс жасап, қайта қосу зейінді қалпына келтірудің тиімді тәсілі бола алады.