«Қателігімді мойындаймын»: Қайрат Әділгерей Құрманғазы туралы айтқан әзілі үшін кешірім сұрады

/
«Қателігімді мойындаймын»: Қайрат Әділгерей Құрманғазы туралы айтқан әзілі үшін кешірім сұрады
жеке парақшасынан

Танымал әзілкеш Қайрат Әділгерейдің Құрманғазы туралы айтқан әзілі көпшілік арасында наразылық тудырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әзілкеш қателік жасағанын мойындап, халықтан кешірім сұрады.

«Қазақ тарихының тұлғасы күй атасы – Құрманғазы бабамыз турасында айтылған сөздеріме түсініктеме беруді жөн көрдім! Бұйыртса жақын арада бабамыздың жатқан жеріне барып, Құран бағыштап, ұрпақтарынан кешірім сұраймын! Бабамыздың аруағын қорлау ниетім болмаған!», — деп жазды ол.

Ол аталған әңгімені шырақшылардан естігенін айтып, ақталды.

«Әлеуметтік желіде  менің белгілі бір подкастта  Құрманғазы бабамыз туралы айтқаным қызу талқыланып жатыр екен. Орал қаласынан ақсақалдар, алқабилер жиналып, қатты наразылық білдіріп, тіпті сотқа бермек екен.

Осы ретте мен өз қателігімді мойындаймын. Бұл – 3-4 жыл бұрын подкастта айтылған әңгіме.

Мен тарихи жерлерді, бабалардың басына, аруақтарға Құран бағыштап, тарихи жерлерді аралап жүргенді ұнатамын.

Кез келген тарихи жерде шырақшылар болады. Мен айтқаным – шырақшының өз аузынан естігенім. Менің қателігім сол шырақшының әңгімесін басқаша фомартта жеткізгенім. Жастар тілінде, дөрекі форматта айтып бердім. Бұл – менің үлкен бір қателігім.

Оралдық ақсақалдардың қалауын орындауға дайынмын. Осы екі-үш күнде бабамыздың басына барып, Құран бағыштап, барлық жағдайды түсіндіріп беремін.

Сіздерден кешірім өтінемін. Аман болайық!», - деді ол.

Айта кетейік, ол подкастта «Құрманғазы туралы айта болсақ, ол тіпті «разбойник» болған, былай айтқанда «по-черному» жүрген. Исатай досы екеуі байлардан тартып алып, кедейлерге берген. Ал хоббиі – күй тарту болған. Бірақ осындай дүниелердің бәрін біз зерделеп, аша алмай жатырмыз. Киноларымызда да дәріптелмей келеді» деп пікір білдірген болатын. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары