Арандатушылар негізсіз ақпарат таратып, жалған парақшалар мен аккаунттар ашқан – Аида Балаева

/
Арандатушылар негізсіз ақпарат таратып, жалған парақшалар мен аккаунттар ашқан – Аида Балаева

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Жаңа Конституция жобасы туралы әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратып, арандатқандар бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz. Бұл туралы министр өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.

Аида Балаеваның айтуынша, Қазақстан бүгінде елдің алдағы даму бағыты айқындалатын тарихи кезеңді бастан өткеріп отыр.

«Жаңа Конституция жобасын талқылау – мемлекетіміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды оқиға. Өкінішке қарай, кейбір әлеуметтік желі қолданушылары бұл жағдайды теріс мақсатта пайдаланып, қоғамдық-саяси ахуалды тұрақсыздандыруға бағытталған әрекеттерге баруда», – деді ол.

Оның сөзінше, әлеуметтік желілерде танымал тұлғалардың атынан жалған парақшалар ашылып, тіл мен жер мәселесіне қатысты арандатушылық ақпарат пен үндеулер жарияланып жатыр.

«Мұхтар Шахановтың, Шавкат Рахмоновтың және өзге де тұлғалардың атынан ашылған фейк-аккаунттар арқылы негізсіз ақпарат таратылып, елде ірі митингілер мен жаппай наразылық акциялары өтіп жатыр деген жалған хабарлар жариялануда. Сонымен қатар Конституцияның жекелеген баптары әдейі бұрмаланып түсіндірілуде», – деді Аида Балаева.

Сондай-ақ министр бұқаралық ақпарат құралдары мен танымал интернет-парақшаларға техникалық шабуылдар жасалып жатқаны туралы хабарлар тіркелгенін айтты.

«Қазіргі уақытта уәкілетті орган ретінде біз бұл жағдайды жан-жақты зерделеп, тиісті шаралар қабылдап жатырмыз», – деп атап өтті ол.

Министр азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және жалған мәлімет аратпауға шақырды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары