«AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысының Үлкен Нарын ауданында заманауи «Алтын адам» қонақүйі ашылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жобаны кәсіпкер Заузат Абраимова жүзеге асырды. Бұл бастама ауданның туристік әлеуетін арттырып, ауыл экономикасына жаңа серпін беріп отыр.
Қонақүй 20–25 қонақты қабылдауға арналған жайлы нөмірлермен жабдықталған. Әр бөлмеде ыстық және суық су, душ және санитарлық талаптар қарастырылған. Ғимараттың төменгі қабатында келушілерге арналған жайлы кафе жұмыс істейді. Мұнда қонақтар ұлттық және жергілікті тағамдардан дәм тата алады.
Бұл – «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасының ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған нақты нәтижелерінің бірі.
«Ауыл аманаты» жобасы бізге өз ісімізді бастауға үлкен мүмкіндік берді. Біздің мақсатымыз – Үлкен Нарынға келетін қонақтарға сапалы қызмет ұсынып, аудан туризмін дамытуға үлес қосу. Сонымен қатар жергілікті тұрғындарға жаңа жұмыс орындарын ашу – басты басымдықтардың бірі. Алдағы уақытта қызмет көрсету аясын кеңейтуді жоспарлап отырмыз», – дейді «Ауыл аманаты» жобасының қатысушысы Заузат Абраимова.
«Алтын адам» қонақүйінің ашылуы – мемлекеттік қолдау мен партиялық жобалардың ауылдағы нақты нәтижесін көрсететін табысты бастама.