Аграрлық мамандықта оқитын студенттердің шәкіртақысын өсіру керек – Жанарбек Әшімжан

/
Аграрлық мамандықта оқитын студенттердің шәкіртақысын өсіру керек – Жанарбек Әшімжан
сурет: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан ауыл шаруашылығы мен ветеринария саласындағы кадр тапшылығына қатысты Премьер-Министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Депутаттың айтуынша, азық-түлік қауіпсіздігі мен агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуы – елдің ұлттық қауіпсіздігі мен әлеуметтік тұрақтылығының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Алайда қазіргі таңда ауыл шаруашылығы мен ветеринария салаларында білікті кадрлардың жетіспеушілігі өзекті мәселеге айналып отыр.

Жанарбек Әшімжан аграрлық жоғары оқу орындарына негізінен ауыл жастары түсетінін атап өтті. 2025 жылы мектеп бітіруші түлектер саны 217 мыңнан асқан, ал мектептердің шамамен 67,4%-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Сонымен қатар жоғары білімге сұраныс та артып келеді – 2025 жылғы қаңтардағы ҰБТ-ға 187 мыңға жуық талапкер қатысқан.

Сонымен бірге депутат аграрлық мамандар даярлау саласындағы мемлекеттік саясатта жүйелі түйткілдер бар екенін айтты. Оның дерегінше, соңғы 10 жылда мемлекеттік білім беру гранттарының жалпы саны 2,5 есеге артқанымен, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» және «Ветеринария» бағыттары бойынша гранттардың үлесі екі есеге жуық қысқарып, 8,5%-дан 4,2%-ға дейін төмендеген.

Атап айтқанда, 2025 жылы «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» бағыты бойынша гранттар саны 16%-ға азайған. Өсімдік шаруашылығы мамандығына бөлінген гранттар 37%-ға, ал мал шаруашылығы бағыты бойынша 23%-ға қысқарған. Депутат бұл бағыттар ауыл шаруашылығының негізгі салалары бола тұра, грант санының жыл сайын азайып келе жатқанын атап өтті.

Оның айтуынша, бұл жағдай Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешенін экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналдыру және ветеринариялық қызметті биологиялық қауіпсіздіктің негізі ретінде дамыту жөніндегі тапсырмаларына қайшы келеді.

Депутат әлеуметтік факторларға да тоқталды. Қазіргі таңда аграрлық және ветеринариялық мамандықтарда оқитын студенттердің шәкіртақысы 52 мың теңгені құрайды. Бұл педагогикалық және медициналық бағыттармен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Ал ауылдық жерлердегі отбасылар табысының тұрақсыздығы балаларын қалада оқытуға қосымша қиындық тудырып отыр.

Нәтижесінде, мемлекет агроөнеркәсіп кешенін басым бағыт деп жариялағанымен, ауыл жастарының аграрлық білім алуына қажетті жағдайлар толық көлемде жасалмай отыр, – деді депутат.

Сауалда жоғары білікті мамандар даярлауда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің оң тәжірибесі де аталды. 2023 жылы университетке Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты төрт ғылыми-зерттеу институты мен бір тәжірибелік шаруашылық сенімгерлік басқаруға берілген. Қысқа мерзімде нысаналы индикаторлардың 97%-ына қол жеткізіліп, ғылым, білім және өндіріс арасындағы нақты интеграция қамтамасыз етілген, ал ғылыми жобаларды қаржыландыру көлемі шамамен екі есеге артқан.

Алайда депутаттың айтуынша, университеттің 2026–2030 жылдарға арналған даму бағдарламасы қайта қаралып, қаржыландыру көзделгенімен, оны бекіту үдерісі созылып отыр. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу институттары мен тәжірибелік шаруашылықтарды сенімгерлік басқару шарттарының шектеулі мерзімі ұзақ мерзімді ғылыми және инвестициялық жобаларды іске асыруға кедергі келтіруде.

Осыған байланысты Жанарбек Әшімжан Үкіметке бірқатар ұсыныс жолдады. Атап айтқанда, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» және «Ветеринария» бағыттары бойынша мемлекеттік білім беру гранттарының санын қайта қарап, арттыруды, аграрлық және ветеринариялық мамандықтар студенттерінің шәкіртақысын педагогикалық және медициналық бағыттармен теңестіруді ұсынды.

Сондай-ақ депутат Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің 2026–2030 жылдарға арналған даму бағдарламасын жедел бекітуді және басталған инвестициялық жобаларды аяқтау үшін төрт ғылыми-зерттеу институты мен бір тәжірибелік шаруашылықты сенімгерлік басқару мерзімін 2030 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартуды сұрады.

Депутат Премьер-Министрден сауалға заңнамаға сәйкес жауап беруді өтінді.
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары