506
Терминком тілімізге тежеуші болмасын
Терминком тілімізге тежеуші болмасын
Кез-келген ұлтты ұлттық сана-сезімінен, ұлттық намысынан айырудың алуан түрлі тәсілі бар. Сол тәсілдің бірі – өз қоластындағы ұлтты, әсіресе қазақты туған тілінен айыру. Сонау патшалық Ресей де, Кеңестік Ресей де бұл тәсілді керемет қолданып келгенін тарихтан білеміз. Бұл зымияндық тәсілді тәуелсіздік алдық деп қысы-жазы той-тойлап жатса да қазақ тілі орыс тілінен азаттық ала алмай жүргенде, әсіресе терминком деп аталатын мекемедегі әлдекімдер әлі де қолданып келе жатқанын көзіміз көріп отыр. Ал сол терминкомда кімдер отырғанының өзі көңілге қашаннан күдік тудыруда екені және рас. Және онда қазақ тілінің қадір-қасиетін жете бағалауға қабілетсіз адамдар да бар ма деп тағы қорқамыз. Әнебір кезде анау да терминсөз, мынау да терминсөз, «ойбай, оны қазақшалауға болмайды, тіпті, «самолет», «двигатель» дегенге де тиіспеңдер деп шыж-быж болатындар да осы терминкомдағылар еді. Мұндағылар кімдер өзі, солар қазақтың түркі тілдері ішіндегі ең бай, ең шұрайлы да шырайлы тіл екенін, атақты академик Маррдың өзі бір кезде түрік тілі әлемдегі ең бай, ең сұлу тілдің бірі дегенін біле ме екен деп күдіктенетінімізді де несіне жасырайық?!
Жақында үкіметте болған бір үлкен жиында қазақ тілінің төл баласындай боп кеткен «оташы», «мұражай», «сазгер» сияқты толып жатқан сөздерді қайтадан «тазқалпына» келтіру керек деген ұсыныс жасалды. Терминкомдағылар аузына салып берді ме әлде өзінің тіл ғылымындағы білім-білігі сол ма қайдам, әйтеуір премьер-министр Б.Сағынтаев қазақтар қазір мыңдаған термин сөзді қазақшалап айтып жүр дегендей болды. Адам баласының ақылына сыймайтын бұндай сөз үкімет басшысының аузынан айтылғаны өте ұяттау болды. Сол жерде отырған не тіл мамандары, не басқа біреу «Бақытжан мырза, соншама сөз деген тұтас бір ұлттың тілі ғой, бұндай термин болуы мүмкін емес, оны сізге кім айтып жүр?»деуге жүрегі дауаламады.
Ал термин деп аталған әлгі шетел сөздері қазақшалап айтуға болмайтындай өте бір терең мағыналы, не киелі сөздер емес. Мысалы, терминкомдағылар «тиісуге болмайды, бұл халықаралық сөз» деп отырған композитор сөзі (лат) бар болғаны – «құраушы, құрастырушы» дегенді ғана білдіреді. Және терминкомдағылардың бұл сөздерді бүкіл жержаһан солай айтады дегені қып-қызыл өтірік. Бұл қазақ тілі ғылыми, техникалық атауларды атауға қабілетсіз деген өз өтіріктерін дәлелдеп, қалың қазақты ақиқаттан адастыру үшін жасалып тұрған сұмдық қулық. Олар «термин» деп жүрген осы сөздерді 2 миллиардқа жуық қытай қытайша, жапон-жапонша, үнді-үндіше, корей-корейше атайды. Біріншіден, «композитор» дегеннің өз тілімде одан да мағыналы да мәнді сазгер деген атауы бола тұра оны латын тілінде айту менің ұлттық намысымды қорлау. Екіншіден, бұдан жүз, екі жүз жылға жуық өмір сүрген ғажайып сазгерлерім мен күйшілерімді композитор деуім олардың әруағына жасалған зор қиянат, қылмыс болар еді. Ендеше бұдан жүзден астам жыл бұрын өмір кешіп кең даламды «Зәуреш», «Айнамкөз», «Айдай» сияқты әруақты әндермен тебіренткен Мұхитты, сүйгенінен айрылып өмір бойы жанына жалау еткен «Ақбөбекті» айтып аңырап өткен Қайыпты, бір ғана «Сарыарқасы» қазақ жұртының ұранындай болған Құрманғазыны, ең бір енжар адамның делебесін қоздырар «Көңілашарды» шығарған Түркешті, Үсен төренің үйден безіп кеткен қыран бүркітін қайыра шақырып қондырған «Құс қайтаруды» шығарған Қазанғап атамды композитор деп атайтындай менің басыма немесе терминкомдағылардың басына не күн туды?
Ал «музей» деген не? Ол біздің заманымыздан жүздеген жыл бұрын мыңнан астам «Құдайға» табынған гректердің аңызындағы Урания, Камиопа, Клио, Мельпомена, Эрато, Терпсихара, Евтерпа деген құдайбикелердің (богиниялардың) храмы ғана. Ендеше, арғы бергі тарихымның, әдебиетім, мәдениетім, өнерімнің көнекөз мұраларын сақтайтын киелі жайды қазақ неге «мұражай» демей «музей» деп олардың храмының атымен атауы керек? Бұл қазаққа қарсы жасалып жатқан жымысқы саясат емес пе?
Немесе «Аптека». Бұл көне латын тілінде бар болғаны – қойма, қамба деген сөз ғана. Ал оның қазақша дәріхана деген нақты мән-мағына беретін атауы тұрғанда оны неге «аптека» деуім керек? Терминкомдағылар «тиісуге болмайды, ол термин» деп отырған «хирург» сөзі «қол жұмысы» дегенді ғана білдіреді (грекше). Оны мен өз тілімде «оташы» десем ерсі ме? Жоқ! Демек, бұның артында әлдекімдердің білместік әрекеті жатыр. Ал «калория» (лат) –жылу деген сөз ғана. Мысалы, «президент» дегеніңіз бар болғаны – «ең алдыда отырушы» дегенді білдіреді. Ал одан гөрі Елбасы деген сөз қазақ үшін мәнді де маңызды емес пе? Әлде онсыз да орысшамен шұбарланып бүлінген тілімізді латын, грек тілімен араластырып, одан әрі былғап, көршілес, бауырлас ұлттарға күлкі болмасақ, «цивилизованный казах», «европизированный казах» атауынан айрылып қаламыз ба? Осыдан біраз бұрын дарынды жазушы-драматург Дулат Исабеков бір сөзінде «Мен жоғарғы жақта қазаққа қарсы жасырын бір ұйым бар ма деп қорқамын» деген еді. Бүгінгі терминкомның мына «бастамалары» сол рас шығар деген ойға жетелейді. Осы терминком қазақтың «жәйт» деген әдемі де әуезді сөзін «жайт» деп өзгертті. Бұл қазақтың «ә» дыбысын орысшаға бейімдеп «а» қып айтқызу үшін жасалды. Қазір бүкіл газет-журнал «жәйт» демей «жайт» деп жазатын болды. Әл-мисақтан келе жатқан қазақ сөзін бұлайша өзгертуге ешқандай терминкомның да, жердегі «құдайкомның» да хұқы жоқ екенін біле тұра тіл мамандары сонда да үндеген жоқ еді. Енді терминкомның мына «жаңалықтарын» естіп, көріп отырса да Республикалық, жергілікті қазақ тілі қоғамдары, тілдерді дамыту басқармалары тағы да аузына су толтырып алып отыр. Осыдан біраз бұрын биліктегі ең бір ұлтшыл, ең бір отансүйер азамат Иманғали Тасмағамбетов Қазақстандағы қазақ тілінің бүгінгі мүшкіл халін айта келіп «қазақ тілі бар жерде – қазақ бар, қазақ тілі жоқ жерде қазақ жоқ» деген еді. Терминком ананы да мынаны да термин деп оның қазақта бар атауымен айтуға тиым салайық десе, оған үкіметтегілер қосылса оған әлгіндей қазақтар мыңдаған термин сөзді қазақшалапты бұл дұрыс емес деген өтірік қосылса, балабақшадан бастап сәбилерімізге үш тілділік үйретіліп жатса, бұл ана тілімізді осындай қитұрқы тәсілдермен жою арқылы қазақты жоюдың әдіс-тәсілдері емес дей аласыз ба? Осының бәріне үнсіз қалсаң жойылмайсың ба, қазақ?
Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын
ҚР Мәдениет қайраткері