Жамбыл облысында мерзімді қызметтегі әскери қызметші қаруды ұстау кезінде жарақат алып, көз жұмды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.
"ІІМ әскери-тергеу органдары сотқа дейінгі тергеуді бастады. Жедел-тергеу тобы құрылды, тергеу барысы Бас прокурордың жеке бақылауында", - делінген хабарламада.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Қорғаныс министрінің орынбасары, Бас әскери прокурор және ІІМ әскери-тергеу департаментінің бастығы оқиға орнына барды.
Бұдан бөлек, әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау, мерзімді қызметті өткеру қауіпсіздігі мәселелері жақын арада Бас прокуратураның арнайы Алқа мәжілісінде қаралмақ.