«Емханада емделе алмаймыз»: Петропавлда тасқыннан зардап шеккен тұрғындар жанайқайын айтты

/
«Емханада емделе алмаймыз»: Петропавлда тасқыннан зардап шеккен тұрғындар жанайқайын айтты
istockphoto

Петропавлда тасқыннан зардап шеккен тұрғындар жаңа үй құжаттарын рәсімдей алмай отыр. Жүздеген адамның ресми түрде мүлкі жоқ, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Петропавлдың шетінде тұрған Бірлік шағын ауданы 2024 жылы құрылған. Мұнда тасқыннан зардап шеккендер үшін 700 баспана бой көтерді. Бескөл, Озерный, Соколовка және тағы басқа ауыл тұрғындары осы жерде баспаналы болып, қоныс тойын тойлады. Алайда 500-ден астам адам әлі күнге дейін үйді өз атына жаздыра алмай отыр.

"Үйде тұрамыз, документ жоқ. Құжат болмағасын ертең қорқамыз, сыпырып алады ғой. Әйелім айтады: сен ауырып тұрсың, ертең өліп қалсаң, бізді қуып шығады ғой үйден. Көп құжатқа қол қойдым. Жарайды, телефон соғамыз, келесіз деді. Енді мен телефон соғамын, алмай қойды", - дейді Бірлік шағын ауданының тұрғыны Амангелді Бекмұратов.

Тұрғындар медициналық көмектен де қағылып отыр. Себебі, бұрынғы емхана тым шалғайда орналасқан екен.

"Үйіміз өз атымызда болмаған соң, біз осында тіркеле алмай отырмыз. Сәйкесінше, жақын маңайдағы емханада емделе алмаймыз. Ал өзіміздің бұрынғы емханамыз қаланың басқа шетінде тұр. Оған бару үшін 15 шақырым жүру керек", - дейді тұрғындардың бірі Наталья Прохорова.

Жұрттың базынасын тыңдауға қала әкімі келді. Атқамінердің айтуынша, жерді рәсімдеуге мемлекеттің жаңа ғаламтор порталы кедергі болған.

"2025 жылдың маусымынан бастап, қараша айына дейін портал жұмыс істеген жоқ. Үкімет жаңа бағдарламаны іске қосты. Енді бұл жаңа бағдарламада біз жер учаскілерін рәсімдей алмадық. Үкіметпен бұл мәселені біз кеше ғана шештік. Бір күннің ішінде 36 жер учаскесін тазалап, адамдардың аттарына өткізуге дайындап қойдық", - дейді Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев.

Шенеуніктер жер учаскілерін рәсімдеу науқаны енді басталғалы жатқанын айтады. Билік тарапы алдағы 3 айдың ішінде барлық үйді тұрғындардың атына жазуға уәде етуде.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары