Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Астанадаөтіп жатқан Конституциялық реформа комиссиясының алғашқы отырысында Конституцияны жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын баяндады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әсіресе омбудсмен адамға бағдарланған тәсілді күшейту, негізгі құқықтар мен әрбір азаматтың бостандығын басымдық ету қажеттігін атап өтті.
Қазақстан Конституциясының бірінші бабында мемлекеттегі ең жоғары құндылығы — адам, оның құқықтары мен бостандықтары екені айқын көрсетілген. Адам құқықтары — жай ғана сөздер емес, бұл бізді күнделікті қорғайтын нәрсе: біздің дүниеге келуіміз, өміріміз, білім алу, жұмыс істеу, пікірімізді білдіру және өз орнымызды табу, — деді Артур Ластаев елордада Конституциялық сот отырысында.
Омбудсмен Конституциядағы негізгі басымдық — адамның өмір сүру құқығы екендігін ерекше атап өтті.
Бұл барлық құқық пен бостандықтардың негізі. Конституцияда өмір сүру құқығы барынша абсолюттік дәрежеде болуы қажет, одан ешкім өз еркімен бас тартпайтынын, тіпті ең ауыр қылмыс үшін де, мемлекет тарапынан да алынбайтынын кепілдендіру қажет. Бұл — адам мен оның өмірі шын мәнінде елдің басты құндылығы екенін, басқа кез келген мүдделерден маңызды екенін білдіретін берік қағида, — деп атап өтті омбудсмен.
Сондай-ақ, Артур Ластаев адамның басқа да негізгі құқықтарын, жалпыға бірдей және қолданылатын құқықтарды, яғни қарттар мен нәрестелерге, ерлер мен әйелдерге, діндарлар мен атеистерге, Қазақстанда немесе басқа кез келген елде бекіту қажеттігін атап өтті.
Олардың түсіндірмесі барлық елде бірдей, себебі олар Адам құқықтары туралы жалпыға бірдей декларацияның және БҰҰ екі халықаралық пакті негізінде бекітілген. Сондықтан біздің пікірімізше, негізгі құқықтар мен бостандықтар туралы барлық мәселелер Конституцияның бір бөлімінде, адам мен азаматты қорғауға арналған бөлімде қарастырылуы керек. Мұндай тәсіл көптеген Конституцияда, тек батыс елдерінде ғана емес, ТМД елдері, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан сияқты елдерде де қолданылған, − деп атап өтті ол.
Негізгі бостандықтардың ішінде, Артур Ластаев өзіне және жақындарына қарсы куәлік бермеу және өз кінәсіздігін дәлелдемеу құқығын тікелей көрсету керегін айтуда. Осыған ұқсас қорғау құқығы діни қызметкерлерге де қатысты болуы керек, әсіресе күнәсін мойындау (исповедь) кезінде алынған ақпарат сөз болып отыр.
Сондай-ақ, негізгі құқықтар бөлімінде басты назарға Кінәсіздік презумпциясын қою қажеттігі айтылды.
Конституцияда өзіне, жақындарына қарсы куәлік бермеу және өз кінәсіздігін дәлелдеуден бас тарту құқығы тайға таңба басқандай жазылуы қажет. Адам оқиға орнында ұсталса да, кінәсін мойындап арыз жазса да, қоғам алдында бастапқыда «жазықсыз» деп саналуы керек. Сот оны айыпты деп танығанша, — деп түйіндеді Ластаев.
Бұдан бөлек, омбудсмен Әділдік және жазаның сәйкестігі бойынша халықаралық қағидаттарды Конституцияда тікелей бекіту ұсынысын айтты. Ондағы негізгі элемент — бір іспен байланысты қайталама жазалауға жол бермеу.