ЕҰУ оқытушылар мен жас ғалымдарға баспана алуға мүмкіндік беретін бағдарламаны іске қосты

/
ЕҰУ оқытушылар мен жас ғалымдарға баспана алуға мүмкіндік беретін бағдарламаны іске қосты

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (ЕҰУ) мен «Отбасы банк» АҚ оқытушылар, жас мамандар мен ғалымдардың тұрғын үй алу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған корпоративтік бағдарламаны іске қосады. Университеттің 30 жылдығына орай қолға алынған жобаға 200 миллион теңге бөлінді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жас ғалымдарды қолдау және олардың ғылыммен алаңсыз айналысуына жағдай жасау тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылып отырған бұл бастама университет қызметкерлерінің әлеуметтік тұрақтылығын нығайтып, баспана мәселесін шешуге мүмкіндік бермек.

Бағдарлама бойынша ЕҰУ қызметкерлері үш жыл мерзімге 6 миллион теңгеге дейін қарыз ала алады. Тұрғын үй сатып алу үшін баспана құнының 50 пайызына дейінгі соманы жинақтау қажет. Бұл ретте «Отбасы банктегі» депозитте қаражатты кемінде алты ай сақтау талабы қолданылмайды. Бағдарлама қатысушылары Астанадан бастапқы және қайталама нарықтағы пәтерлерді сатып ала алады. Жоба аясында 30-дан астам қызметкерге қолдау көрсету жоспарланған.

Университетте 2014 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Инклюзивті қолдау орталығының жетекшісі-супервизор Ерхан Ордабайдың пікірінше, мұндай бастамалар мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, олардың кәсіби дамуына да оң ықпал етеді.

«Жалпы, білім мен ғылым саласында еңбек ететін мамандарға мұндай қолдаудың маңызы зор. Тұрғын үйге қатысты алаңдаушылығы азайған адам өз жұмысына, ізденісіне және кәсіби дамуына көбірек көңіл бөле алады. Сондықтан университет пен «Отбасы банктің» бірлескен жобасын құптарлық бастама деп санаймын. Мұндай қолдауды тек жекелеген қызметкерлерге берілетін көмек ретінде қарастыруға болмайды. Бұл – адам капиталына, білім мен ғылымға, жалпы мемлекеттің болашағына салынған инвестиция», – дейді Ерхан Қайыржанұлы.

Осылайша, ЕҰУ-дың тұрғын үй бағдарламасы қызметкерлердің тұрмыс сапасын арттырумен қатар, жоғары оқу орнындағы адами капиталды сақтауға және дамытуға бағытталған маңызды әлеуметтік бастама болмақ.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары