Қытайдағы ЖОО-ларға оқуға түсу үшін құжат қабылдау басталды

/
Қытайдағы ЖОО-ларға оқуға түсу үшін құжат қабылдау басталды

21 қаңтарда Қазақстанда Қытайдың жоғары оқу орындарына құжат қабылдау басталды. Ол 10 ақпанға дейін жалғасады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Халықаралық бағдарламалар орталығының мәліметінше, Қытай үкіметі 2026-2027 оқу жылына ҚХР мемлекеттік стипендиясы бойынша оқуға келесі бағдарламалар бойынша 73 білім грантын ұсынады:

  • бакалавриат;
  • магистратура;
  • докторантура.

Грант келесі шығындарды өтейді:

  • тегін оқу;
  • ай сайынғы стипендия;
  • медициналық сақтандыру;
  • жатақханада тұру

Қалған шығынды грант иегері өзі төлейді.

«2026 жылдан бастап ҚХР-дың жоғары оқу орындарында бакалавр дәрежесін алуға үміткер барлық шетелдік талапкерлер шетелдік студенттерге арналған академиялық дайындық тестінен (CSCA) өтуге міндетті. Құжаттарды қабылдау кезеңінде академиялық дайындық тестінен (CSCA) өту және оның нәтижелерін ұсыну талап етілмейді, көрсетілген тест конкурстық іріктеуден өткеннен кейін тапсырылады», - делінген хабарламада.

Құжаттарды қабылдау 2026 жылғы 21 қаңтардан 10 ақпанға (қоса алғанда) дейін жүргізіледі:

  • «Электрондық үкімет» порталы арқылы (Egov.kz)
  • немесе "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ арқылы қолма-қол.

«Шетелде оқуға үміткерлерді іріктеу келесі турлар арқылы жүзеге асырылады: тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелерімен үміткерлердің дербес әңгімелесуін онлайн режимде өткізу, үміткерлердің материалдарын қарау және қорытынды комиссияның шешім шығаруы», - делінген хабарламада.

Үміткерлерді іріктеу үшін негізгі өлшемшарттар:

  • балдық жүйе бойынша шет тілін білу деңгейі;
  • білім туралы құжаттың балдық жүйе бойынша орташа балы;
  • Тәуелсіз сараптамалық комиссияның бағасы.

Қағидалардың 17-тармағына сәйкес, халықаралық шарттар/келісімдер шеңберінде шетелде оқуға үміткерлерді іріктеу кезінде балл тең болған жағдайда төменде көрсетілген үміткерелер басымдыққа ие болады (келесі ретпен):

  • жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • № 072/у нысаны бойынша медициналық анықтама (шетелге шығатындар үшін) ұсынған, медициналық қорытындыға сәйкес тиісті шетелдік білім беру ұйымдарында оқуға болатын бала кезінен мүгедектер және мүгедек балалар;
  • көпбалалы отбасынан шыққан балалар;
  • ауылдық елді мекеннен шыққан, соңғы екі жылда ауылдық елді мекенде тұратын үміткерлер;
  • шетелдік жоғары және жоғары оқу орындарынан кейінгі білім беру ұйымдарынан шақыруы бар үміткерлер, сондай-ақ шетелдік жоғары оқу орындарында білім алушылар.

Іріктеу нәтижесі бойынша ұсынылған үміткерлер тізімдері қабылдаушы тарапқа жіберіледі. Оқуға қабылдау шешімін қытайлық тарап қабылдайды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары