Бүгін, 18 қаңтарда Қазақстанның бірқатар қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар қалыптасып, ауаның ластану деңгейі артуы мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, Павлодар, Қарағанды, Теміртау, Өскемен, Семей, Риддер және Ақтөбе қалаларында ауа сапасының нашарлауы болжануда. Синоптиктер бұл жағдай атмосфералық ластаушы заттардың жиналуына әкелуі мүмкін екенін ескертеді.
Осыған байланысты тұрғындарға келесі сақтық шараларын ұстану ұсынылады:
Көшеде, әсіресе автожолдар мен ластану көздерінің маңында болу уақытын қысқарту;
Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тарту;
Өкпенің созылмалы аурулары, жүрек-қан тамырлары жүйесі сырқаттары және аллергиясы бар адамдарға қажетті дәрі-дәрмектерді өзімен бірге алып жүру;
Ашық ауадағы физикалық белсенділікті шектеу, спорт пен дене шынықтыруды жабық ғимараттарда өткізу.
Мамандар аталған ұсынымдарды сақтау қолайсыз метеожағдай кезінде денсаулыққа төнетін қауіптің алдын алуға көмектесетінін атап өтті.